Таза Астананың артында қанша адамның еңбегі тұр

АСТАНА. KAZINFORM — Елорда көшелерінің тазалығы өздігінен қалыптаспайды. Күн сайын таң ата 1 500-ге жуық коммуналдық қызметкер мен жүздеген арнайы техника қала көшелерін тазалап, қоқыс шығарып, қоғамдық кеңістіктерді күтіп ұстайды. Kazinform «Астана Тазалық» мекемесінің жұмысы қандай және Астананың тазалығы қалай қамтамасыз етілетінін зерделеп көрді.

а
Фото: Астана Тазалық

Астана күні қарсаңында елорда ерекше құлпырады. Таза көшелер, жуылған жолдар, жинақы саябақтар мен қоғамдық кеңістіктер — тұрғындар үшін үйреншікті көрініс. Алайда осы тазалықтың артында тәулік бойы тынымсыз еңбек ететін мыңдаған коммуналдық қызметкердің маңдай тері жатыр.

а
Фото: Астана Тазалық

Қазақстанда соңғы жылдары жұмысшы мамандықтарының беделін арттыруға ерекше көңіл бөлініп келеді. Мемлекет басшысы жариялаған Жұмысшы мамандықтары жылы аясында өндіріс пен коммуналдық салада еңбек ететін мамандардың қоғамдағы рөліне назар күшейді. Ал елордада қала тазалығы үшін жауап беретін негізгі кәсіпорындардың бірі — «Астана Тазалық».

Тазалықтың артындағы еңбек

Қазіргі таңда кәсіпорында 1 500-ге жуық қызметкер еңбек етеді. Олар бірнеше ауысыммен жұмыс істеп, тәулік бойы қаланың санитарлық жағдайын қамтамасыз етеді.

— Мекеме теңгерімінде 419 арнайы техника бар. Олар маусымға қарай көшелерді жуу, жолдарды сыпыру, қар шығару, қоқыс тасымалдау және басқа да санитарлық жұмыстарға пайдаланылады. Қалыпты күндері коммуналдық қызметкерлер тәулігіне орта есеппен 25–30 тонна қоқыс шығарады. Ал мереке күндері, демалыс немесе қалада бұқаралық іс-шаралар өткен кезде бұл көлем 40 тоннаға дейін артады, — деді «Астана Тазалық» ЖШС баспасөз хатшысы Қымбат Бақыткелді.

Коммунальная служба
Фото: Солтан Жексенбеков/ Kazinform

Жұмыс көлемін бір күннің өзінен-ақ аңғаруға болады. Мәселен, биылғы 1 маусымда қала тазалығын қамтамасыз етуге 271 арнайы техника мен 549 жол жұмысшысы жұмылдырылды. Оның ішінде күндізгі ауысымда — 153 техника мен 419 жұмысшы, түнгі ауысымда — 118 техника мен 130 жұмысшы еңбек етті.

Тазалық жұмыстары Есіл, Нұра, Алматы, Сарайшық, Сарыарқа және Байқоңыр аудандарындағы көшелерде, аялдамаларда, тротуарлар мен қоғамдық кеңістіктерде жүргізілді.

Қыста қар, жазда шаң

Коммуналдық қызметтің жұмысы жыл мезгіліне қарай өзгеріп отырады.

Қыс мезгілінде негізгі күш қар күреу мен шығару жұмыстарына жұмылдырылады. Өткен қысқы маусымда коммуналдық қызметкерлер 2,2 миллион текше метрден астам қарды қала сыртына шығарған.

Күн сайын бұл жұмыстарға 600-ден астам арнайы техника мен 750-ден астам жұмысшы тартылды.

а
Фото: Астана Тазалық

Ал көктем мен жазда көшелерді жуу, шаң-тозаңнан тазарту, аялдамаларды күтіп ұстау, қоғамдық орындарды санитарлық тазалау жұмыстары үздіксіз жалғасады.

Цифрландыру тазалыққа қалай көмектесті?

Коммуналдық сала да цифрлық технологияларды белсенді енгізіп келеді.

«Астана Тазалық» арнайы техниканың жұмысын бақылауға арналған электрондық жол парағы жүйесін іске қосты.

Бұл жүйе техниканың қозғалысын, атқарған жұмыс көлемін және жанармай шығынын нақты уақыт режимінде бақылауға мүмкіндік береді.

«Астана Тазалық» қыс мезгіліндегі қызметін қорытындылады
Фото: «Астана Тазалық» ЖШС

Нәтижесінде:

  • жол парағын рәсімдеу уақыты 10 минуттан 1 минутқа дейін қысқарды;
  • жанармай шығыны 10 пайызға дейін азайды;
  • өндірістік процестердің ашықтығы артты.

Бұл тәжірибеге бүгінде еліміздің басқа өңірлері ғана емес, шетелдік ұйымдар да қызығушылық танытып отыр.

Тазалық — тек көше сыпыру емес

«Астана Тазалық» қызметкерлері экологиялық мәдениетті қалыптастыру бағытындағы қоғамдық бастамаларға да белсенді қатысады.

Биыл кәсіпорынның бастамасымен кәсіптік-техникалық колледж және Ұлттық шұғыл медицина үйлестіру орталығымен бірлесіп ағаш отырғызу акциясы ұйымдастырылды.

Елордада дәрігерлер, коммуналдық қызметкерлер және ұстаздар бірлесіп ағаш отырғызды
Фото: Астана Тазалық

Экологиялық шара барысында 100-ден астам ағаш көшеті отырғызылып, үш ұйым арасында қоршаған ортаны қорғауға бағытталған ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды.

Тағы бір маңызды бастама — «Мөлдір бұлақ» акциясы.

Коммуналдық қызметкерлер мен еріктілер қатысқан шара барысында:

  • 3 шақырым аумақ тазартылды;
  • 57 шыны банка;
  • 5 500-ден астам темекі тұқылы;
  • велосипед дөңгелегі мен басқа да тұрмыстық қалдықтар жиналды.
«Мөлдір бұлақ»: Астанада 3 шақырым аумақ тазартылып, қоқыс жиналды
Фото: Астана Тазалық

Мұндай акциялар қоғамда экологиялық мәдениетті қалыптастыруға ықпал етеді.

Коммуналдық қызметкерлерге қандай жағдай жасалып жатыр?

Соңғы жылдары кәсіпорында қызметкерлердің әлеуметтік жағдайын жақсартуға бағытталған жұмыстар қолға алынған.

Бір жылдың ішінде жол жұмысшыларына арналған 10 тұрмыстық және демалыс бөлмесі толық жаңартылып, пайдалануға берілді.

Жаңартылған бөлмелерде демалуға, тамақтануға, киім ауыстыруға және қысқа үзіліс кезінде тынығуға барлық жағдай жасалған.

а
Фото: Астана Тазалық

Сонымен қатар:

  • қызметкерлерге арналған 17 қызметтік пәтер берілді;
  • 80 орындық жатақхана пайдалануға берілді;
  • ипотека рәсімдейтін қызметкерлердің бастапқы жарнасының 50 пайызына дейін өтеуге қолдау көрсетілуде.

Бұл шаралар коммуналдық саладағы мамандардың әлеуметтік қорғалуын күшейтуге бағытталған.

Үздіктер дәл осы кәсіпорында еңбек етеді

Коммуналдық қызметкерлердің кәсіби деңгейі түрлі байқауларда да дәлелденіп келеді.

Биыл өткен жұмысшы мамандықтарының қалалық байқауында «Астана Тазалық» қызметкерлері екі негізгі номинация бойынша жеңімпаз атанды.

Нұрдәулет Әбіш — «Үздік механизатор — 2025», ал Сүндет Қойбағаров — «Үздік жүк көлігі жүргізушісі — 2025» атағын иеленді.

Қатысушылар арнайы техниканы басқару, қауіпсіздік талаптарын сақтау, күрделі маневрлерді орындау және жол қозғалысы ережелерін білу бойынша сынға түсті.

Бұл жеңістер коммуналдық сала мамандарының кәсіби даярлығының жоғары деңгейін көрсетті.

Көзге көрінбейтін еңбек

Қала тұрғындарының көбі таңертең таза көшемен жүріп, жуылған жолмен жұмысқа барады. Бірақ сол тазалықтың қалай пайда болғаны туралы көп ойлана бермейді.

Ал оның артында таң қылаң бере жұмысын бастайтын, аптап ыстықта да, ақтүтек боранда да еңбек ететін жүздеген адамның еңбегі жатыр.

а
Фото: Астана Тазалық

Коммуналдық қызметкерлердің жұмысы көбіне көзге түсе бермейді. Бірақ олардың еңбегінің нәтижесі күн сайын бүкіл қалаға көрініп тұрады.

Таза көшелер, жайлы қоғамдық кеңістіктер мен көрікті елорда — сол еңбектің нақты жемісі.

Бұған дейін Астана күніне орай БАҚ өкілдері арасында байқау жарияланғанын жазғанбыз.