«Таза ауа» акциясы басталды - Көлік және коммуникация министрлігі
АСТАНА. Наурыздың 31-і. ҚазАқпарат - ҚР Көлік және коммуникация министрлігінің көліктік бақылау комитетінің ұйымдастыруымен ағымдағы жылғы наурыздың 30-ы мен сәуірдің 30-ы аралығында «Таза ауа» атты акция өткізілетін болды,
деп хабарлайды ҚазАқпарат аталмыш ведомствоның баспасөз қызметіне сілтеме жасап. Бұл акцияның басты мақсаты ? Қазақстан Республикасы заңнамасының экологиялық талаптары бойынша өрескел тәртіп бұзушыларды анықтау және тасымалдаушылар мен автокөлік жүргізушілердің шығаратын ластаушы заттар мөлшерінің құрамы нормаларына қатаң бақылау орнату.
Сонымен қатар, бұл акция тәртіп бұзүшылықтарды анықтау мен ескерту жөнінде ықпалды шара қолдануға бағытталған. ҚР «Автомобиль көлігі туралы» Заңының 19-6 бабына сәйкес автомобильдерге техникалық қызмет көрсететін және жөндеу жүргізетін өндірістік базасы бар шаруашылық тұлғалары тексерілетін болады. Акцияны өткізудегі басты мақсат - экологиялық талаптарды сақтау, санитарлық және эпидемиологиялық бақылау органдарымен автокөліктердің халықаралық жолаушы, азық-түлік және жүк тасымалдауға жіберілуі туралы белгіленген мемлекеттік органдардың қорытынды есебінің болу талабының орындалуын тексеру.
Тағы бір айта кетер жайт, ел аумағындағы және өткізу бекеттеріндегі көліктік бақылау қосындарында газ құрамын анықтайтын құралдар және түтін өлшеуіштер көмегімен автокөліктер шығаратын ластауыш заттар құрамының белгіленген талаптарға сәйкестігіне бақылау қатая түсетін болады.Акцияның өткізілуіне санитарлық және эпидемиологиялық бақылаудың жергілікті органдары мен жол полициясы қоса қатыстырылатын болады.
Көліктік бақылау комитеті ҚР қолданыстағы заңнамасының көлік бойынша қойылған талаптарын өрескел бұзушылықтар анықталған жағдайда, заңды және жеке тұлғаларға сәйкесінше шара қолданылатынын хабарлайды. Бұл бойынша, ҚР Әкімшілік құқық бұзушылықтар туралы Кодекс баптарына сәйкес жолаушылар, азық-түлік және жүк тасымалдауының тоқтатылу немесе тасымалдау құқығынан айыру шараларына дейін қолданылатын болады.