Таза ауыз су мәселесін жылдам әрі сапалы шешуге ұмтылсақ игі - О. Асанғазы

Бүгін Мәжілістің жалпы отырысында Үкімет басшысының атына сауал жолдаған депутат Оразкүл Асанғазы осылай мәлім етті.
«Мемлекеттің байлығы халық болса, халықтың зор байлығы - денсаулық. Ал денсаулық кепілі - сапалы ауыз су. Бұл жайында бірқатар шаралар атқарылып жатыр, «Ақбұлақ» бағдарламасы да қабылданды. Алайда халық шөліркеп таза судың орнына «дерт табар» су ішіп отырғанда жайбарақаттық танытып, бөлінген қаржының орнымен игерілмеуіне әлдеқандай себеп-сылтау іздеуге еш хақымыз жоқ», - деді депутат. Оның айтуынша, өткен онжылдықтарда халық аса зәру болып отырған таза ауыз су мәселесіне бөлінген қаражаттар игерілмей қалған. Ендеше бұл мыңдаған адамдардың күнделікті қарапайым қажеттілігіне, денсаулығына қатысты, сол арқылы тағдырына да тікелей әсер ететін өзекті мәселе.
«Сондықтан да тағдырлы мәселені әрі жылдам әрі сапалы шешкеніміз абзал. Бұл көптің қамы болған соң Үкіметтің міндеті. Бүгін таза ауыз сусыз, балалары сары ауруға шалдығып отырған халыққа «2013 жылы зерттеледі, 2015 жылы басталады» деп уәж айту қиын. Сондықтан да, бағдарламаны Үкімет басшысы нақты қадағалап, мерзімінен бұрын орындаса екен», - деді О. Асанғазы.