«Таза Қазақстан»: Абай облысында 5700-ден астам экологиялық құқық бұзушылық анықталды
СЕМЕЙ. KAZINFORM – Абай облысында жыл басынан бері 5772 экологиялық құқық бұзушылық тіркелді.
Өңірде тәртіп сақшылары «Таза Қазақстан» акциясы аясында қоғамдық тәртіпті нығайту, қоршаған ортаның тазалығын сақтау және елді мекендердің санитарлық жағдайын жақсарту бағытында рейдтерге шығып жатыр.
- 2026 жылдың басынан бері облыс бойынша жалпы саны 5772 құқық бұзушылық жасалды. Атап айтқанда, 464-і ортақ пайдаланылатын орындарды ластау фактілері болса, қалалар мен елді мекендердің аумақтарын абаттандыру қағидаларын бұзу, инфрақұрылым объектілерін бүлдіру, жасыл желектерге зақым келтіру сияқты экологиялық бұзушылықтар бойынша 5308 дерек анықталған, - деп хабарлады Абай облыстық полиция департаментінен.
Сонымен қатар халық арасында санитарлық талаптарды сақтау, қоғамдық орындардың тазалығын қамтамасыз ету және экологиялық жауапкершілікті арттыру мәселелері бойынша ақпараттық-түсіндіру жұмыстары күшейтілді.
Еске салсақ, осыған дейін «Таза Қазақстан» экологиялық акциясы аясында Ұлытау облысында «Түлектердің ағаш егу» эко-челленджі өткені хабарланған.