«Таза Қазақстан»: Абай облысында 7 мыңға жуық құқықбұзушылықтың жолы кесілді

АСТАНА. KAZINFORM —Халық арасында санитарлық талаптарды сақтау, қоғамдық орындардың тазалығын қамтамасыз ету және экологиялық жауапкершілікті арттыру мәселелері бойынша ақпараттық-түсіндіру жұмыстары күшейтілді, деп хабарлайды облыстық ПД баспасөз қызметі.

«Таза Қазақстан»: Абай облысында 7 мыңға жуық құқықбұзушылықтың жолы кесілді
Фото: Видеодан скрин

Абай облысында «Таза Қазақстан» республикалық бастама аясында қоғамдық тәртіпті нығайту, қоршаған ортаның тазалығын сақтау және елді мекендердің санитарлық жағдайын жақсарту бағытында жүйелі әрі ауқымды жұмыстар жүзеге асырылып келеді.

— 2026 жылдың басынан бері өңірде жалпы саны 6 870 құқықбұзушылық дерегі анықталып, жолы кесілді. Атап айтқанда, ортақ пайдаланылатын орындарды ластау фактілері бойынша 551 құқық бұзушылық тіркелсе, қалалар мен елді мекендердің аумақтарын абаттандыру қағидаларын бұзу, инфрақұрылым объектілерін бүлдіру, жасыл желектерге зақым келтіру сияқты экологиялық тәртіпке қарсы әрекеттер бойынша 6319 дерек анықталған, — делінген хабарламада.

Сондай-ақ, құқық бұзушылықтар дронның көмегімен де анықталып жатыр. Аталған бағытта тек бақылау шаралары ғана емес, сонымен қатар алдын алу және түсіндіру жұмыстары да кең көлемде жүргізіледі. Полиция қызметкерлері тұрақты негізде рейдтік іс-шаралар ұйымдастырып, алдын алу мақсатында жүйелі мониторинг жүргізеді.

Сонымен қатар, халық арасында санитарлық талаптарды сақтау, қоғамдық орындардың тазалығын қамтамасыз ету және экологиялық жауапкершілікті арттыру мәселелері бойынша ақпараттық-түсіндіру жұмыстары күшейтілді. Бұл бастамалар азаматтардың табиғатқа деген ұқыпты көзқарасын қалыптастыруға және қоғамдық мәдениетті дамытуға бағытталған.

Бұған дейін Ақтөбеде өткен ауқымды экоакцияда жастар қоқыс жинап жарысқанын жаздық.