«Таза Қазақстан»: Абай облысында көктемгі тазалық жұмыстары жүргізілуде

СЕМЕЙ. KAZINFORM - Республикалық «Таза Қазақстан» акциясына Абай облысының тұрғындары да белсене атсалысуда. Облысқа қарасты барлық қалалар мен аудандарда экологиялық 2 айлық басталып, оған мемлекеттік, бюджеттік мекеме қызметкерлері, студенттер, оқушылар, тұрғындар қатысуда.

таза қазақстан
Фото: Абай облысының әкімдігі

Мәселен, Курчатов қаласындағы сенбілікке 700-ден астам адам қатысты. Қала көшелерінен12 бірлік техникамен 4450 текше метр қоқыс шығарылды. 2024 жылдың жоспарында аула ішіндегі аумақтарда өсіп тұрған ағаштарды отау, сондай-ақ 46 қураған ағашты кесу (барлығы 834 ағашты қамтиды) және әртүрлі 4 мың жас көшет отырғызу бар. 

тазарту
Фото: Абай облысының әкімдігі

Ақсуат ауданында 14 көше тазаланды. 70 тонна қатты қалдықтар шығарылып, 99 660 шаршы метр аумақ тазартылды. Іс-шараға 24 бөлім мен мекеме қызметкерлері және 170-тен астам адам қатысты. Жалпы аудан бойынша 9 ауылдық округте акция ұйымдастырылып, оған 520 адам қатысты. Нәтижесінде 118 760 шаршы метр аумақ тазартылды. Сонымен қатар, бұл жұмыстарға 16 бірлік техника жұмылдырылып, 78,8 тонна қатты қалдықтар шығарылды. Талдар мен теректерді ақтау жұмыстары жүргізілді.

тазалық
Фото: Абай облысының әкімдігі

Бесқарағай ауданындағы сенбілік те жоғары деңгейде өтті. Экологиялық акцияға ауданның 4 мыңнан астам тұрғыны және 8 бірлік техника тартылды. Көкпекті ауданында 4 мыңға жуық адам, 34 техника жұмылдырылды. Тазартылған аумақтар бойынша 42 тонна тұрмыстық қалдық шығарылды.

тазалық
Фото: Абай облысының әкімдігі

Облысымызда тазалық жұмыстарынан бөлек, көгалдандыру жұмыстары да қатар жүргізілуде. Мысалы, Аягөз ауданында қаланы абаттандыру және көгалдандыру мақсатында 300 түп терек, 100 түп қызыл тау шетені, 100 түп қайың, 200 түп қарағаш, 200 түп шырша отырғызу жұмыстарын жүргізу жоспарлануда. Мақаншы ауданында 100-ден астам көшет отырғызылды.

тазалық
Фото: Абай облысының әкімдігі

Республика көлеміндегі ауқымды акцияға облысымыздың кез-келген азаматы қатыса алады.