Ұлттық құрылтай Ұлттық құрылтай

Абай облысында санитарлық талаптарды бұзғандарға қатысты 7 786 хаттама толтырылды

СЕМЕЙ. KAZINFORM — «Таза Қазақстан» жалпыұлттық бағдарламасы аясында Абай облысында экологиялық құқық бұзушылықтардың алдын алуға бағытталған кезекті рейд өтті.

«Таза Қазақстан»: Абай облысында санитарлық талаптарды бұзғандарға қатысты 7 786 хаттама толтырылды
Фото: Абай облысы әкімдігі

Жыл басынан бері абаттандыру қағидаларын бұзу, ортақ пайдаланылатын орындарды ластау, сондай-ақ қалалар мен елді мекендердің инфрақұрылым нысандарын бүлдіру және жасыл желектерді жою деректері бойынша 7 786 әкімшілік хаттама толтырылған.

Рейд Абай облысының әкімдігі, мамандандырылған табиғат қорғау прокуратурасы және облыстық Полиция департаментінің бірлесуімен ұйымдастырылды. Іс-шара барысында бизнес орталықтары, сауда үйлері мен жеке меншік нысандар тексеріліп, кәсіпкерлерге аумақты абаттандыру және санитарлық талаптарды сақтау бойынша түсіндіру жұмыстары жүргізілді.

«Таза Қазақстан»: Абай облысында санитарлық талаптарды бұзғандарға қатысты 7 786 хаттама толтырылды
Фото: Абай облысы әкімдігі

Облыстың табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасы табиғат қорғау бағдарламаларын іске асыру бөлімінің бас маманы Нұрдаулет Мұқашовтың айтуынша, рейдтің негізгі мақсаты — елді мекендердің санитарлық тазалығын сақтау және кәсіпкерлердің жауапкершілігін арттыру.

— Рейдтің басты мақсаты — қаланың тазалығын сақтау, санитарлық талаптардың орындалуын бақылау және кәсіпкерлердің жауапкершілігін арттыру. Заң талаптарын бұзғандарға қатысты тиісті шаралар қабылдануда, — деді Нұрдаулет Мұқашов.

«Таза Қазақстан»: Абай облысында санитарлық талаптарды бұзғандарға қатысты 7 786 хаттама толтырылды
Фото: Абай облысы әкімдігі

Ведомствоның мәліметінше, жыл басынан бері 26 млн теңге көлемінде айыппұл өндірілген.

Мамандандырылған табиғат қорғау прокуратурасының прокуроры Айым Қабылова ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 505-бабына сәйкес алғаш рет анықталған құқық бұзушылық үшін ескерту берілетінін атап өтті.

— Егер бір жыл ішінде осы талап қайта бұзылса, әкімшілік жауапкершілік күшейтіліп, заңнамаға сәйкес айыппұл салынады, — деді прокурор.

«Таза Қазақстан»: Абай облысында санитарлық талаптарды бұзғандарға қатысты 7 786 хаттама толтырылды
Фото: Абай облысы әкімдігі

Мамандардың айтуынша, мұндай рейдтер өңірдегі санитарлық тазалықты сақтауға, экологиялық мәдениетті қалыптастыруға және абаттандыру талаптарының сақталуын қамтамасыз етуге бағытталған.