Таза Қазақстан: Баянауылдан 800 тоннадан астам қоқыс шығарылды
ПАВЛОДАР. KAZINFORM - Еріктілер мен студенттер Баянауыл аумағын тазалау жұмыстарын жалғастыруда. «Таза Баян – Таза жүрек» екі күндік акциясына жүзден астам адам қосылды.

Тазалық шарасына студенттер, еріктілер, жасылелдіктер, «Жастар рухы», дене шынықтыру және спорт басқармасының өкілдері, ұлттық саябақ қызметкерлері қатысты.
– Акция көрікті жерлерді қамтиды. Екі күн бойы біздің команда Торайғыр, Жасыбай және Сабындыкөл көлдерінің жағасында, Қоңыр әулие үңгірінің, Кемпіртас жартасының жанында, қорымдар бойында қоқыс жинайды, – деп атап өтті Студенттер альянсының төрағасы Дәурен Шәріпов.
Құтқарушылар мен дәрігерлер акцияға қатысушыларға судағы және құрлықтағы қауіпсіздік ережелері туралы еске салды. Еріктілер екі күн ішінде бір жарым тонна қоқыс жинауды жоспарлады. Алғашқы күні демалыс орындарынан 170 қап қоқыс шығарылды.
Еріктілер 15 маусымнан бастап Баянауылдың киелі және мәдени аймақтарынан 800 тоннадан астам қоқыс шығарған.
Еске сала кетейік, «Таза Қазақстан» экологиялық акциясы аясында Павлодарда жастарға арналған экоклуб ашылды.