Таза Қазақстан: Келесте 3 жасар егіздер экоакцияны қолдап, гүл отырғызды
КЕЛЕС. KAZINFORM — Елімізде басталған «Таза Қазақстан» экологиялық акциясына жас балдырғандар да үлес қосып жатыр.
Келес ауданы «Мариям-ММ» бөбекжай балабақшасында «Балдырған» тобында тәлім алып жатқан 3 жастағы егіздер Айман Қажымұхан, Ахмет Қажымұхан және «Сұңқар» тобының 5 жасар егіздері Әлия Упабек, Әли Упабек табиғатты тазалауға өз үлесін қосты.
Балабақша меңгерушісі Айнұр Станбекова балаларды ұқыптылыққа, тазалыққа балабақшадан үйрету өте маңызды екенін атап өтті.

— Балабақшамызда тәрбиеленушілерді табиғатты сүюге баулитын түрлі іс-шаралар өтеді. Бір ғана тазалық акциясымен шектеліп қалмай, тәрбие сағаттарында табиғатқа қамқорлық қажет екендігін насихаттаймыз. Елімізде 5 аптаға созылатын науқанның бірінші аптасы «Таза өлке» деп басталды. Бұл бастаманы балабақша ұжымы толық қолдайды. Балабақшамызда тәрбиеленіп жатқан егіздер де осы шараға қатысып, тәрбиешілерінің көмегімен ауламызға гүл отырғызды, — дейді балабақша меңгерушісі.