«Таза Қазақстан»: Қонаев қаласында 70 мың гүл егілді
ҚОНАЕВ. KAZINFORM — Алматы облысының орталығында «Таза Қазақстан» акциясы жалғасып жатыр. Аталған эконауқанның аясында шаһардағы саябақтарға, ескерткіштердің маңына, көше бойына 70 мың гүл егілген. Бұл туралы «Жасыл қала Қонаев» мемлекеттік коммуналдық кәсіпорнының басшысы Марк Бейдали мәлімдеді.
Мекеме басшысы кәсіпорынның жыл басынан бері 500-ден астам ағаш отырғызғанын атап өтті.
«Барлық ағашты күтіп ұстау, жерсіндіру мақсатында оларды дәрумендермен суарып жатырмыз. Микроэлементтердің адам денсаулығына ешқандай зияны жоқ, аллергия тудырмайды», - деді кәсіпорын басшысы.

Сондай-ақ оның айтуынша, қала тазалығын сақтауға күнделікті 150 адам және 25 техника жұмылдырылады.
«Ағаштарды санитарлы кесумен де айналысамыз. Ол үшін тұрғындар пәтер иелері кооперативтеріне өтініш тастауы қажет. Кейіннен сол өтініштер бойынша кесте әзірленіп, жұмыс атқарылады», - деді Марк Бейдали.
Еске салсақ, бұған дейін Алматыда өткен эконауқанға 400 мыңнан астам адам қатысқанын жазған едік.