«Таза Қазақстан»: MNU-да жаңа гүлзардың құрылысы басталды

АСТАНА. KAZINFORM — Maqsut Narikbayev University-де (MNU) жаңа гүлзардың құрылысы басталды.

MNU-да жаңа гүлзардың құрылысы басталды
Фото: MNU

Абаттандыру жұмыстары «Таза Қазақстан» жалпыұлттық акциясы аясында жүргізіліп жатыр.

Бүгін MNU студенттері, оқытушылары мен қызметкерлері қалалық сенбілікке қатысып, ағаштар отырғызды. Іс-шара Астана қаласы «Нұра» ауданының әкімдігімен бірлесіп ұйымдастырылды және гүлзарға айналатын Фемида алаңын қайта жөндеу жұмыстарының басталуы маңызды оқиға болды.

— Maqsut Narikbayev University Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев бастамашы болған «Таза Қазақстан» жалпыұлттық акциясын қолдайды және бірқатар экологиялық іс-шара өткізеді. Бүгін қалалық сенбілік күні біз ағаштарды отырғызып, университет алдындағы гүлзардың құрылысын бастадық. Жаңа гүлзар елорданың көрікті жерлерінің бірі және жас ұрпақ үшін тартымды орын болатынына сенімдімін. Бұл біздің жайлы қалалық ортаны қалыптастыруға қосқан үлесіміз, — деді MNU басқарма төрағасы Талғат Нәрікбаев.

MNU-да жаңа гүлзардың құрылысы басталды
Фото: MNU

Талғат Нәрікбаев атап өткендей, құрылыс жұмыстарын осы жылдың шілде айында аяқтау жоспарланған. Қайта құру және көгалдандыру бойынша ауқымды жоба шамамен 200 ағаш, 10 мыңнан астам жапырақты және қылқан жапырақты бұталар және 2 500-ге жуық өсімдіктер отырғызуды қамтиды. Сонымен қатар, іс-шаралар өткізуге және демалуға арналған алаң мен коворкинг аймағының пайда болуы, шағын архитектуралық нысандар мен орындықтар орнатылуы, көгал төсеу қарастырылған.

Нұра ауданы әкімі
Фото: MNU

— MNU-мен «Нұра» ауданы тығыз жұмыс істеп жатыр. Сіздердің бастауынызбен осындай гүлзар университеттің алдында абаттандырылып, көгалдандырылып жатыр. Жобаға қарағанда сіздің гүлзар қаламыздың ең үздік гүлзарларының бірі болады. Соған біз де сенеміз. Бірлесіп қаламызды таза және жасыл қылайық, — деді Астана қаласы «Нұра» ауданының әкімі Ришат Тұрдыбеков.

MNU-да жаңа гүлзардың құрылысы басталды
Фото: MNU

Айта кетейік, абаттандырудың жалпы ауданы шамамен 11,4 мың шаршы метрді құрайды.

Бұған дейін Ақмоладағы Зеренді демалыс орнынан бір тонна қоқыс шығарылғаны хабарланды.

Соңғы жаңалықтар