«Таза Қазақстан»: ШҚО-да 123 мың ағаш отырғызылады

ШҚО әкімі баспасөз қызметі
Фото: ШҚО әкімі баспасөз қызметі

ӨСКЕМЕН. KAZINFORM – «Таза Қазақстан» экологиялық акциясы аясында шығысқазақстандықтар белсенділік танытып, 20 мың көшет отырғызып жатыр.

Қазір облыс көлемінде көгалдандыру жұмысы қарқынды жүргізілуде. Осы жылы 123 мыңға жуық ағаш отырғызу жоспарланған.

ШҚО әкімі баспасөз қызметінің мәліметіне сүйенсек, бүгін Өскемен қаласында «Қазақстан» тауының етегінде аталған акция аясында сенбілік өтіп, ағаш көшеттері отырғызылды. Іс-шараға қала қонақтары, еріктілер, мемлекеттік орган өкілдері мен жеке кәсіпорын ұжымдары қатысты. 

ШҚО әкімі баспасөз қызметі
Фото: ШҚО әкімі баспасөз қызметі

«Отанға, еліне деген махаббат тазалықтан және еңбекқорлықтан басталуы қажет. Сондықтан бүгінгі бірегей шара жастар арасында дәстүрге айналып қана қоймай, өскелең ұрпаққа жақсы үлгі болады деген сенімдемін», - деді облыс әкімі Ермек Көшербаев.

Шығысқазақстандықтар «Таза Қазақстан» акциясына қатысып, белсенділік танытып жатыр. Акцияның бірінші апталығы «Таза өлке» аясында 21,4 мың аула тазаланып, 6 мың тоннадан астам қоқыс шығарылды. 

ШҚО әкімі баспасөз қызметі
Фото: ШҚО әкімі баспасөз қызметі

«Киелі мекен» апталығында 161 қоғамдық орын, сквер және 136 ескерткіш тазаланды. Ал «Өнегелі ұрпақ» аптасында облыстағы ардагерлер мен қарттардың ауласы тазаланып, сенбіліктер өтеді. Қорытынды «Мөлдір бұлақ» апталығында арықтар мен бұлақ көздері тазаланбақ.

Соңғы жаңалықтар