«Таза Қазақстан»: ШҚО-дағы Ақбауыр кешенінің аумағын тазартуға 250 адам қатысты

Тазалық
Фото: Ұлан ауданы әкімдігі

ӨСКЕМЕН. KAZINFORM – Шығыс Қазақстан облысы Ұлан ауданындағы Ақбауыр кешенінің аумағын тазартуға 250 адам қатысты.

«Таза Қазақстан» экологиялық акциясы аясында облыстың қалаларында, аудандары мен ауылдарында аумақтарды абаттандыру, көгалдандыру, тазалау жұмыстары жүргізіліп жатыр. Шараның мақсаты – халық арасында қоғамдық және экологиялық мәдениетті қалыптастыру, отансүйгіштік, туған жерге және қоршаған ортаға деген жанашырлық пен құрмет құндылықтарын дәріптеу. 

Ұлан ауданы
Фото: Ұлан ауданы әкімдігі

Ұлан ауданында орналасқан «Ақбауыр» археологиялық кешеніне де тазалық жұмыстары жүргізілді. Оған еріктілер, журналистер, ақындар және аудан тұрғындары қатысты. Барлығы 250-ге жуық адам айналаны тазалап шықты. 

«Бүгін тарихи маңызы зор «Ақбауыр» кешенінің аумағы тазаланды. Экологиялық акция аясында кешен аумағына 50 түп көшет, Бестерек ауылындағы музей аумағына 30 түп көшет отырғызылды. Сондай-ақ қатысушыларға арнап Ұлан ауданының мәдениет қызметкерлерінің дайындаған мерекелік концерті қойылып, ас берілді, – дейді Ұлан ауданы ішкі саясат бөлімінің басшысы Қанат Оралбеков.

ШҚО
Фото: Ұлан ауданы әкімдігі

Экологиялық акция бес аптаға жоспарланған. Осы аптада «Киелі мекен» деген атаумен киелі жерлерге, тарихи-мәдени ескерткіштердің аумағына тазалық жұмыстары жүргізіліп жатыр.

«Жер ананы таза ұстау ертеңгі ұрпағымыз үшін керек. Әсіресе киелі жерлер мен ежелгі ескерткіштердің аумағын таза ұстаудың маңызы зор. Өйткені олар ішкі туризмді дамытудың тетігі ғой. Шетелден және елімізден қаншама туристер киелі жерлерді тамашалайтыны белгілі. Сондықтан да облысымыздағы тілшілер қауымын бастап келіп елімізге белгілі «Ақбауыр» кешенінің аумағын тазалауға қатыстық. Экологиялық акцияның бір аптасы «Киелі мекен» деген атаумен өтіп, ескерткіштердің аумағын тазалағанмыз өте дұрыс болды, – дейді журналист, ҚР Журналистер одағы ШҚО филилалының төрағасы Мерей Қайнарұлы.

Ұлан ауданы
Фото: Ұлан ауданы әкімдігі

Айта кетейік, аймаққа келген туристер әрдайым атбасын бұратын «Ақбауыр» археологиялық кешені Ұлан ауданы Бестерек ауылының солтүстігінен 3 шақырым жерде Ақбауыр тауының етегінде орналасқан.

Соңғы жаңалықтар