Таза Қазақстан: СҚО-да 38 мың көшет егілді

АСТАНА. KAZINFORM — Солтүстік Қазақстан облысының әкімі Ғауез Нұрмұхамбетов «Таза Қазақстан» акциясы аясында өңірде қандай жұмыстар атқарылғанын айтып берді.

көшет
Фото: «Семей орманы» резерваты

— Бұл акция тек бір жылдық экологиялық жұмысты көрсетуді емес, халыққа экологиялық тәртіп пен мәдениетті сіңіруді мақсат етеді. Акция аясында біз ең алдымен халықпен жүздесіп, шамамен 550 кездесу өткіздік, акцияның мәнін, экологиялық тәртіп мәдениетін түсіндірдік, — деді облыс әкімі Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте.

Сонымен бірге, науқан аясында облыста 2500-ден астам экологиялық сенбілік өткізілген.

 — Бір ғана «Таза Қазақстан» аясында шамамен 38 мың жасыл желек отырғызылып, 300 мың тоннадан астам қоқыс шығарылды. Спорттық алаңдар мен скверлер салынды. Бұл үлкен жұмыс. Оған тек ересектер ғана емес, балалар, мектеп оқушылары мен жастар да белсенді қатысты, яғни халық өте жақсы қабылдады, — деді Ғ. Нұрмұхамбетов.


Айта кетейік, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Таза Қазақстан» шарасы жыл он екі ай бойы жалғасуға тиіс екенін айтқан еді.

Соңғы жаңалықтар