Таза Қазақстан таза қаладан басталды

таза
Фото: Kazinform

ОРАЛ. KAZINFORM - Оралда «Таза Қазақстан» акциясы басталды. Кәсіпорындар, қала тұрғындары мен белсенділер шаһардың шырайын кіргізу жұмысына жұмыла кірісті. Сүйікті қаласының сәнін кіргізсек деген тұрғындар абаттандыру жұмысын қаланың шеткері аудандарынан бастады.

Аталған акцияға екі мыңнан астам тұрғын, 50-ден астам техникка жұмылдырылды. Орал қаласы тұрғын үй коммуналдық шаруашылығы бөлімінің басшысы Азамат Халеловтың айтуынша, тазалау кезінде шаһардың шеткері аудандарына ерекше көңіл бөлінді. Сондай-ақ көпқабатты тұрғын үйлердің аулаларын абаттандыру ісі де басты приоритеттердің бірі болмақ. Тозығы жеткен балалар ойын алаңдары жаңартылып, тал егіліп, ескерткіштер жаңартылады. Бұлақ көздерін ашуға да белсенділер мен қала тұрғындары атсалысатын болады. 

таза
Фото: Kazinform

«Сүйікті қаламыздың тазалығы барлығымызға ортақ іс. Сенбілікке шығып, игі іске үлесін қосып жатқан әр тұрғын Отанымыздың гүлденуіне үлкен үлес қосып жатыр. Барлығымызға белгілі бұл акция Мемлекет басшысының тапсырмасымен 8 сәуірде басталды. Қалалар мен ауылдық елді мекендерді жинау, абаттандыру және көгалдандыру жұмысы әр қазақстандықтың абыройлы міндеті. Жыл соңына дейін созылатын акцияға белсенді қатысуға шақырамын», – деді сенбілікке келген облыс әкімінің орынбасары Бақытжан Нарымбетов.

Айта кетейік тазалық науқанының алғашқы аптасы «Таза өлке» деп аталады. Бастапқы жеті күн ішінде елді мекендердің тұрғындары, қоғам белсенділері, ұйымдар мен кəсіпорындардың қызметкерлері іргелес аумақтар мен белгіленген аулаларды тазалайды. Одан соңғы аптаға «Киелі мекен» атауы беріледі. Бұл күндері тарихи-мəдени ескерткіштер аумағын абаттандыру жұмыстары жүргізіледі. 

таза
Фото: Kazinform

Ал «Жасыл аймақ» аталатын үшінші аптада көшеттер отырғызылады жəне ағаштар əктеледі. «Өнегелі ұрпақ» деп аталатын аптада ардагерлер мен қарттардың аулаларына тазалық жүргізіліп, оларды абаттандыруға көмек көрсетіледі. Одан соң ел болып, «Мөлдір бұлақ» атауы берілген акцияның соңғы, бесінші аптасында су айдындары – өзендер мен көлдердің айналасы қоқыстан тазартылады.

Соңғы жаңалықтар