«Таза Қазақстан»: Түркістан облысындағы 445 елді мекенде қоқысты алып кету жүйесі қалыптаспаған
ТҮРКІСТАН. KAZINFORM – «Таза Қазақстан» акциясы аясында қоғамдық орындарда заң талаптарын бұзған адамдарға 11 мыңнан астам хаттама толтырылып, 150 миллион теңге көлемінде айыппұл салынды. Бұл туралы облыстық Энергетика және тұрғын үй коммуналдық шаруашылық басқармасының басшысы Руслан Мұздыбеков мәлімдеді.

Акция басталғалы 74 мыңға жуық тұрғын мен 1700-ге тарта техника сенбілікке жұмылдырылып, 4 мың тоннадай қоқыс шығарылды. Сондай-ақ, 18 мың шақырым жолдың бойы тазартылып, өңір бойынша 150 мыңға жуық ағаш көшеттері отырғызылды. Қалалар мен елді мекендердің аумақтарын абаттандыру, көгалдандыру және тазарту бойынша жыл соңына дейінгі 984 іс-шара жоспары бекітілді. Сонымен қатар акцияға орай дәстүрлі «Үлгілі ауыл» облыстық байқауы басталды. Онда әр ауыл өз тазалығымен, көгалдандыру және абаттандыру жұмыстарымен сынға түседі. Жеңімпаз атанған ауылға облыстық бюджет есебінен бір әлеуметтік нысан салынады.
«Облыста 807 елді мекен бар болса, соның 445-інде қоқыстарды алып кететін мекеме анықталмаған. Елді мекендердің кішкентай болуынан, қаржының аз қаралуынан және аудан орталығынан шалғайда болуына байланысты жеке мекемелер қоқыс тазалау конкурстарына қатысқысы келмейді. Басқа да мәселелер бар. Сол себепті 445 елді мекенде қоқыс алып кету жүйесі қалыптаспаған. Осы олқылықтың орнын толтыру мақсатында Табиғатты реттеу басқармасымен бірлесіп жұмыс жүргізілетін болады» - деді Руслан Мұздыбеков.