2026 жылғы 25 қыркүйек – Қазақстан Республикасындағы Жалпыұлттық аза тұту күні

«Таза Қазақстан»: Жамбыл облысында 400-ге жуық құқықбұзушылық анықталды

АСТАНА. KAZINFORM — Жамбыл облысында полиция қызметкерлері «Заң мен тәртіп» қағидаты бойынша «Таза Қазақстан» акциясы аясында жыл басынан бері 391 құқық бұзушылықтың жолын кесті, деп хабарлайды Polisia.kz.

«Таза Қазақстан»: Жамбыл облысында 400-ге жуық құқықбұзушылық анықталды
Фото: Polisia.kz

Қоғамдық орындардың тазалығы мен тәртібін бақылауда жедел басқару орталығының бейнебақылау камералары да тиімді пайдаланылып келеді. Көшелер мен аулалардағы жағдай тәулік бойы бақылауда болып, тәртіп бұзған азаматтар камера назарына ілігеді. 

Мәселен, белгіленбеген жерге қоқыс тастау, қоғамдық аумақтарды ластау, абаттандыру талаптарын бұзу, сондай-ақ қоғамдық орындарда темекі тұқылын лақтырып, алкогольдік ішімдік ішу сияқты жағдайлар анықталып отыр. 

— Камера арқылы құқық бұзушылықты байқаған полиция қызметкерлері оқиға орнына жедел барып, заң бұзушылықтың жолын кеседі. Анықталған фактілер бойынша азаматтарға қолданыстағы заңнамаға сәйкес шаралар қабылданады. Тазалықты сақтау — тек арнайы қызметтердің міндеті емес. Қоғамдық орындарға ұқыпты қарау, қоқысты белгіленген орынға тастау және тәртіп талаптарын сақтау — әр азаматтың жауапкершілігі, — делінген ақпаратта.

Айта кетейік, Ақтөбе облысында абаттандыру бойынша 600-ге құқықбұзушылық анықталды.