Таза Қазақстан: Жаңаөзен тұрғындары эконауқанға қатысты
АСТАНА.KAZINFORM – Жаңаөзен тұрғындары «Таза Қазақстан» ауқымды экологиялық акциясына қатысты. Мұнайшылар, полицейлер, кәсіпкерлер, спортшылар мен белсенділер - барлығы қала тазалығына үлес қосты. Бұл шара соңғы 3 айда тұрақты өткізіліп келеді.
«Өзенмұнайгаз» АҚ Бас директоры Жанболат Саймағанбетов көктем басталғалы қаланы абаттандыруға 3 мың адам және 300 техника жұмылдырылғанын атап өтті.

Жергілікті спортшылар да қаланы реттеуге үлес қосты, таңертеңгілік жаттығулар арасында олар эконауқанға келіп, саябақты арамшөптерден тазартты.
«Біздің аймаққа велотуристер жиі келеді. Олар қаламыздың неге лас екеніне таң қалады. Сондықтан мұндай жағдай қайталанбауы үшін біз қаламызға қамқорлық жасауды шештік», - деп атап өтті велошабандоз Бауыржан Медетұлы.

Тазалық науқанына әр түрлі жастағы, кәсіптегі және әлеуметтік мәртебедегі адамдар қатысты. Мұнда қоғам қайраткерлерін, шенеуніктерді және қарапайым үй шаруасындағы әйелдерді де кезіктіруге болады.
Коммуналдық қызметтер күн сайын 120 тоннаға дейін қоқыс жинайды. Ал экологиялық науқан кезінде бұл көлем 3 есе артады. Қазір Жаңаөзенде жасыл белдеу қалыптасып келеді – биыл қала маңында 4 мыңға жуық ағаш өсіп тұр. Кәсіпкерлер бұл күш-жігерді белсенді қолдап келеді.

«Кейбір ағаштар суарылмай қалады. Осының бәрін ескере отырып, «Өзенмұнайгаз» демеушілігімен өткен жылы суару жүйесін жүргіздік. 40 нүкте орталықтандырылған желілерге қосылған», - дейді қалалық ТКШ және тұрғын үй инспекциясы бөлімінің басшысы Әділет Досанұлы.

Жергілікті тұрғындар «Таза Қазақстан» жобасын жалғастырудың маңыздылығын атап өтті. Тұрғындар бұл науқан барлық қазақстандықтар үшін жақсы дәстүрге айналуы керек деп санайды. Президент атап өткендей, тек көшет отырғызумен және қоқыс жинаумен шектелудің қажеті жоқ. Экология мәселесінде басқа да көптеген маңызды мәселелер бар –тек бәрін шынайы ниетпен жасау маңызды.
