«Таза үй – Таза ел» жобасына ұлттық мәртебе беріле ме
АСТАНА. KAZINFORM - Премьер-министр Олжас Бектенов Құрылтай депутаттарының «Таза үй – Таза ел» жобасына ұлттық мәртебе беру ұсынысына жауап берді.
- Мемлекет басшысының бастамасымен елімізде экологиялық мәдениетті қалыптастыруға, қоршаған ортаға ұқыпты қарауға, қалдықтарды бөлек жинау мен қайта өңдеуді дамытуға, экологиялық мәселелерді шешуге халықты, бизнесті және мемлекеттік органдарды тартуға бағытталған «Таза Қазақстан» жалпыұлттық экологиялық бастамасы жүзеге асырылып жатыр, - деді Үкімет басшысы.
Осы орайда Олжас Бектенов «Таза үй – Таза ел» жобасының мақсаттары мен міндеттері «Таза Қазақстан» бастамасының негізгі бағыттарына сәйкес келетіндігін атап өтеді.
- Сонымен қатар қоршаған ортаны қорғау және табиғи ресурстарға ұқыпты қарау мәселелері Қазақстан Республикасы Конституциясының ережелерінде де көрініс тапқан. Осыған байланысты жоба іс-шараларын оған жеке ұлттық жоба мәртебесін бермей-ақ, қолданыстағы «Таза Қазақстан» жалпыұлттық бастамасы аясында іске асыруға және ауқымын кеңейтуге болады, - деді Олжас Бектенов.
Бұған дейін Вице-Президент Ерлан Қарин «Таза Қазақстан» жалпыұлттық бастамасы жаңа идеялармен және тың жобалармен толықтырылатынын жазған еді.