Тазалық сақтамаған тұрғындарға 3 млн теңге айыппұл салынды
ҚОНАЕВ. KAZINFORM - Бұл туралы Қонаев қаласының полиция басқармасы мәлімдеді.

Алматы облысының әкімшілік орталығында «Таза Қазақстан» бағдарламасы аясында қоқыс үйінділерін заңсыз жерге тастаған, абаттандыру ережесін бұзған азаматтарды әкімшілік жауапкершілікке тарту қолға алынған.
- Қала аумағында, табиғат аясында тазалық сақтау қажеттілігі жөнінде ақпараттық-түсіндірме жұмыстары жүріп жатқанымен, құқық бұзушылық саны азаймай тұр. Мәселен, 21-27 сәуір аралығында Ортақ пайдаланылатын орындарды ластау бабына сәйкес, 47 хаттама толтырылып, 1 млн 848 мың теңгеден астам айыппұл салынды. Одан бөлек ҚР ӘҚБтК-нің 505-бабына сай, 111 хаттама толтырылды. Оның ішінде 20 хаттамамен 1 млн 730 мың теңге айыппұл салынды. Барлық айыппұл сомасы 3 млн 578 мың теңгеге жетті, - деп хабарлады Қонаев әкімдігі.
Сонымен қатар қала әкімдігі мен Полиция басқармасы тазалық ережелерін қатаң сақтауға шақырды.
Еске салайық, бұған дейін Батыстағы 3 облыста браконьерлерге 1,9 млн теңге айыппұл салынғанын жазғанбыз.