Тәжік-ауған шекарасында әскери борышын өтеген жалғыз қазақстандық әйел Павлодарда тұрады
АСТАНА. ҚазАқпарат - Павлодарлық Айман Рыскелдина - еліміздің Қарулы Күштері қатарында тәжік-ауған шекарасында әскери борышын өтеген жалғыз қазақстандық әйел, деп хабарлайды «Хабар 24».
Әскери адамға тұрмысқа шыққан өрімдей жас қыз «не көрсем де, жолдасыммен бірге көремін» деген серттен таймапты.
Айман Рыскелдинаны әскери өмір жас кезінен қызықтырыпты. Құрбыларына болашақта отан қорғаушы боламын деген әзілінің шындыққа ұласқанын офицерге тұрмысқа шыққанда түсінеді. Тәжік-ауған шекарасын күзетуге тоқсаныншы жылдары аттанған. Жолдасы Дулат Смайылов застава басшысы, өзі радист қызметін атқарады. Теңіз деңгейінен 4400 метр биіктікте орналасқан Памир тауларында өмір сүру оңайға түспепті.
Жеті жылын туған жерден жырақта өткізген Айман Рамазанқызы ешқашан өкінген емес. Өркениеттен тыс қалған халықтың ауыр тірлігі атамекеннің қадірін арттырып, әскери өмір оны ширата түскен.
«Әскери салада қыз-келіншектер өте көп. Олар осы ер азаматтармен бірге қиындықтарды көріп жатыр. Соған қарамастан, олар үйлерінде әйел, ана, жұмыста әскери қызметтерін атқарады. Сондықтан осы 8 наурызда әйелдерге зор денсаулық, ашық аспан тілеймін», - дейді Қорғаныс істері департаментінің қызметкері Айман Рыскелдина.
Тәжік-ауған шекарасында болған қақтығыстың аяқталғанына талай жылдың жүзі болды. Орта Азия аймақтарындағы шекара қауіпсіздігін қамтамасыз етуге біздің еліміздің де әскерилері үлес қосты. Қазір Тәжікстанда бейбітшілік салтанат құрған. Отан қорғаушылар қатарында ерлермен бірдей ерлік жасауға дайын Аймандай қазақ қызының болғанын біз әрқашан мақтан тұтамыз.