Тәжік-ауған шекарасында ерлікпен қаза тапқан 17 жауынгерді еске алу күні өтеді
АСТАНА. 6 сәуір. ҚазАқпарат - 7 сәуір күні Тәжік-ауған шекарасында ерлікпен қаза тапқан 17 жауынгерді еске алу күні өтеді, деп хабарлады ҚР ІІМ Ішкі әскерлері баспасөз қызметінен.
ҚР Жоғарғы Кеңесінің қаулысына сәйкес 1993-1999 жылдары аралығында еліміздің Ішкі әскері жедел мақсаттағы бөлімінің 2 мыңнан астам жауынгері мен офицері Қазақстан Республикасының жеке атқыштар батальонының құрамында тәжік-ауған шекарасында жауынгерлік міндеттерін орындады. Ішкі әскерлер жауынгерлері үшін 1995 жылдың 7 сәуірі қайғылы күнге айналды. Осыдан 16 жыл бұрын Тәжікстан Республикасының Пшихавр тау шатқалында күші басым банда тобымен арада қақтығыс орын алды.Айқас барысында 17 жауынгер қаза тауып, көпшілігі жараланды. Дегенмен біздің жауынгерлер өздерінің әскери міндетін аброймен орындап, әскери антқа адалдық танытты және Қазақ батальонының абройына нұқсан келтірмеді.
Қазіргі уақытта Тәжікстандағы аталған тау шатқалында ескерткіш тақта орнатылған.
1996 жылы 20 қарашада ҚР Президентінің №3227 Жарлығымен ТМД сырқы шекарасын қорғау барысныда асқан ерлік көрсетіп қаза тапқан жауынгерлердің 5-еуі 2 дәрежелі «Айдын» орденімен, 12-сі «Жауынгерлік ерлігі үшін» медалімен марапатталды.
7 сәуір күні Отан қорғаушылар саябағында ҚР ІІМ орталық аппаратының, Ішкі әскерлер қолбасшылығының басшыларының, Мәжіліс депутаттарының, ардагерлердің, «Нұр Отан» ХДП өкілдерінің қатысуымен Еске алу аллеясында гүл шоқтарын қою рәсімі мен жиын өтеді.