Тәжік халқын қорғаған қазақстандықтар мəңгі жадымызда - Душанбедегі еске алу шарасы
ДУШАНБЕ. ҚазАқпарат - Бүгін Душанбеде тәжік-ауған шекарасында әскери борышын орындау кезінде 1995 жылғы 7 сәуірде қаза тапқан қазақстандық жауынгерлердің ескерткішіне гүл шоқтары қойылды. Бұл жайында Қазақстанның Тәжікстандағы елшілігінің өкілдері мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Іс-шараға Тәжікстан Республикасы Қарулы Күштері Бас штабының басшылығы, Тәжікстан ардагер-интернационалистер одағының, Тәжікстанда аккредиттелген елшіліктердің әскери атташе өкілдері, Тәжікстанның Шекара қызметінің ардагерлері, жергілікті БАҚ, Қазақстанның Тәжікстандағы елшілігінің қызметкерлері мен олардың отбасы мүшелері қатысты.
Қазақстанның Тәжікстандағы елшісі Нұрлан Сейтімов қазақстандық жауынгерлердің өз өмірлерін қия отырып, әскери борыштарын абыроймен атқарып, әскери анттарына адал болып қалғандарын атап өтті. Құрбандарды есте сақтап отырған тәжік халқына алғысын білдірді. Қазақстан өз батырларын әрдайым жоғары дәріптейді деп мәлімдеді.
Тәжік тарапынан сөйлеушілер қаза тапқан қазақстандық жауынгерлер өздері қорғаған тәжік халқының жадында мәңгі сақталатынын атап көрсетті. Сондай-ақ Тәжікстандағы қиын жылдары қолдау білдіргені үшін қазақ халқына және оның басшылығына зор ризашылықтарын жеткізді.