Тәжікстан азаматы 30 келіге жуық героинмен ұсталды
АСТАНА. ҚазАқпарат - Жамбыл облысындағы «Қордай» кеденінен қарасты «Қарасу» кеден бекетінде есірткі тасымалдамақ болған Тәжікстан азаматы қолға түсті.
Бұл туралы Жамбыл облысы бойынша Кедендік бақылау департаментінің баспасөз қызметі.
Ол 30 келіге жуық героинді Қазақстан аумағы арқылы Еуропаға алып кетпек болған.
Департаменттің Контрабандаға қарсы күрес басқармасы мен «Қордай» кедені қызметкерлерінің жедел-іздестіру шараларының нәтижесінде 14 шілдеде сағат 16:00 шамасында қылмыстың жолы кесілді. Нақтырақ айтар болсақ, 1962 жылы туған Тәжікстан азаматының басқаруындағы жасыл түсті «Нива-Шевролет» көлігінің жүк салатын бөлігінде күнделікті тұрмыста пайдаланатын газ баллонын екіге бөліп ішін 27 дана түйіншекпен толтырған. Әрқайсысы шамамен 1 келіден асады. Күдікті заттың жалпы салмағы 30 келіге жуықтайды.
Кеденшілердің мәлімдеуінше, күдікті есірткіні сату мақсатында Еуропа елдеріне алып өтпек болған көрінеді. Қазіргі уақытта сот сараптамасы тағайындалып, тергеу амалдары жүргізілуде.