Тәжікстан орыс тілінен бас тартады
АСТАНА. Шілденің 23-і. ҚазАқпарат - Тәжікстан басшысы орыс тілін ресми мәртебеден айыруға шақырды.
Осы мәселеге қатысты заң жобасы қазір парламенттің қарауында, деп хабарлайды ҚазАқпарат РСН агенттігіне сілтеме жасап.
Заң қабылданған жағдайда, бұдан былай мемлекеттік билік органдарымен, кәсіпорындармен және мекемелермен хат-хабар тек бір ғана тілде - тәжік тілінде алмасылатын болады. Тәжікстан Президенті Эмомали Рахмонов жаңа заңды тезірек қабылдауға шақырды. Ол телеарна арқылы халыққа жолдау да жасады.
Президенттің айтуынша, бұл бастама тәжік халқының сана-сезімі мен отансүйгіштік қасиеттерін арттыру ниетімен байланысты. Бұған дейін орыс тілі Тәжікстанда ұлтаралық қарым-қатынас тілінің мәртебесін сақтап келді. Әр азамат мемлекеттік билік органымен және өзге де мекемелермен қай тілде қарым-қатынас жасайтынын өзі таңдайтын.