Тәжікстан Ресейден 2015 жылғы ҰҚШҰ төрағалығының эстафетасын қабылдайды
МӘСКЕУ. ҚазАқпарат - Бүгін Мәскеуде өтіп жатқан Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымы Ұжымдық қауіпсіздік кеңесінің сессиясында Ресей Ұйымға төрағалық ету эстафетасын Тәжікстанға бермек. Бұл туралы сөз сөйлеу барысында Ресей Президенті Владимир Путин мәлімдеді.
«Бүгінгі сессияда Тәжікстан Ресейден ҰҚШҰ-ға төрағалық ету эстафетасын қабылдайды. Тәжікстандық әріптестеріме жұмыста толағай табыстар тілеймін және сонымен бірге көмек пен қолдау көрсетуге дайын екенімізді атап өткім келеді», - деді ол.
Өз кезегінде Тәжікстан президенті Эмомали Рахмон ҰҚШҰ аясында өзара бірлесіп әрекет ету Тәжікстан үшін басымдық мәнге ие екенін атап өтті.
«Тәжікстан Республикасы ҰҚШҰ-ның жауапкершілігі аймағында оны қауіпсіздік пен тұрақтылықты қамтамасыз етудің пәрменді, уақыт сынынан өткен аспап ретінде қарай отырып, оның аясындағы өзара іс-қимылға баса мән береді. Тәжікстанның келесі жылы Ұйымға төрағалық етуі сын-қатерлер мен қауіптерді тиімді шешуге бағытталады», - деді Э.Рахмон.