Тәжікстан шекарасында қарулы топтың 15 мүшесінің көзі жойылды

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Тәжікстанда қарулы топ «Ишкабад» шекара заставасына шабуыл жасады, деп хабарлайды ҚазАқпарат Тәжікстанның «Ховар» ақпараттық агенттігіне сілтеме жасап.

Тәжікстан шекарасында қарулы топтың 15 мүшесінің көзі жойылды

Тәжікстанның Ұлттық қауіпсіздік мемлекеттік комитеті Шекара әскерлерінің баспасөз орталығының мәліметінше, 2019 жылы 6 қарашаға қараған түні сағат 03:23-те белгісіз 20 адамнан тұратын қарулы топ «Сұлтанабад» шекара отряды әскери бөлімінің №4 «Ишкабад» шекара заставасына шабуыл жасаған.

«Қақтығыс кезінде олар 5 атыс қаруын қолға түсірген (модернизацияланған Калашников мылтығы). Күш құрылымдарының жедел әрекет етуінің арқасында қоршауға алынған қарулы қылмыстық топтың 15 мүшесінің көзі жойылды, 5-еуі қамауға алынды. Атыс кезінде Шекара әскерлерінің 1 әскери қызметкері мен ТР Ішкі істер министрлігінің 1 қызметкері қаза тапты», - делінген хабарламада.

Қазіргі уақытта оқиға орнында жедел тергеу тобы құрылып, тергеу амалдары жүргізілуде.