Тәжікстан табиғат апатының салдарын жою үшін Біріккен Ұлттар Ұйымынан көмек сұрауда
НЬЮ-ЙОРК. Мамырдың 21-і. ҚазАқпарат /Әлия Алтынғазина/ - Тәжікстан үкіметі елдегі су тасқыны мен лай көшкінінің салдарын жою үшін Біріккен Ұлттар Ұйымы мен басқа да халықаралық ұйымдардан көмек сұрады,
деп хабарлайды ҚазАқпарат. Республика өкіметі халық арасында адам құрбандықтары бар екенін хабарлап отыр. 40 шақты қала мен аудан зардап шеккен, 200-дей тұрғын үй мен жүздеген инфрақұрылымдық нысандар, оның ішінде ауруханалар мен мектептер қираған. Электр желілері, сорғы және трансформатор стансылары істен шыққан. 10 мыңнан астам адам баспанасыз қалып отыр. Сондай-ақ апат салдарынан егістіктер зардап шегіп, 3 мыңнан астам мал басы қырылып қалған. Алдын-ала мәліметтер бойынша, келген шығын 100 миллион доллардан асады. Тәжікстан қазіргі уақытта құрылыс материалдарына, отынға, азық-түліктер мен дәрі-дәрмектерге, тұқымдықтарға, шатырлар мен жылжымалы генераторларға аса мұқтаж.