Тәжікстанда Әбу Ханифаның 1350 жылдығына орай халықаралық конференция өтеді
АЛМАТЫ. Сәуірдің 3-і. ҚазАқпарат /Ерлік Ержанұлы/ - Биылғы жыл Тәжікстанда Әбу Ханифа жылы деп жарияланып отыр. Бұл туралы бүгін Алматыда өз жұмысын аяқтаған «Имам Ағзам Әбу Ханифа мазһабы және қазіргі заман» деп аталатын халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция кезінде белгілі болды,
деп хабарлайды ҚазАқпарат. Тәжікстан Республикасының діни басқармасының уәкілі Абдурахим Назаровтың айтуынша, әлем мұсылмандарының басым бөлігі ұстанатын Ханафи мазһабының негізін салушы Нұғман Ибн Сәбит Әбу Ханифаның туылғанына 1350 жыл толуына арналған мұндай халықаралық конференцияны енді Тәжікстан да ұйымдастырмақ. Алматыдағы бұл алқалы басқосу Имам Ағзам Әбу Ханифа мазһабына арналған ең алғашқы жиын болды. Алдағы уақытта енді осындай шаралар өзге елдерде де өз жалғасын табады деп жоспарланып отыр. Бұл мәслихат соңында қабылданған ұйғарымда да көрініс тапты.