Тәжікстанда Аяз Ата әсіре діншілдердің құрбаны болды
Жергілікті БАҚ-тың құқық қорғау органдарына сілтеме жасап хабарлауынша, Душанбенің 24 жастағы тұрғыны Парвиз Давлатбеков 2 қаңтарға қараған түнде көптеген пышақ жарақатынан қайтыс болды.
П.Давлатбеков достары мен туыстарын құттықтау үшін Аяз Ата болып киініп шыққан. Алайда тәжік астанасының 30-ға тарта тұрғыны жас жігітті оның үйінің қасында қоршап алып, «Сен дінсізсің!» деп пышақпен лап қойған.
Жас адамдар діни төзімсіздікпен кісі өлтіргені анық, алайда Тәжікстанның ІІМ оқиғаны «кәдімгі тұрмыстық қылмысқа» жатқызып отыр.
Бұған дейін 2011 жылғы 30 желтоқсанда Тәжікстанның бас мүфтиі Сайидмүкаррам Абдукодирзода мұсылмандарды «христиандық» Жаңа жылды мерекелеуден бас тартуға шақырған болатын. «Мұсылмандар өз салттарын сақтауы тиіс. Жаңа жылдық шыршаны безендіру, би, ойындар біздің мәденетімізге жат. Григориандық Жаңа жылды мерекелеудің біздің діни тамырларымызға қатысы жоқ, ол ислам шариғатына ғана емес, тәжіктердің дәстүрлеріне де жанаспайды», - деді ол.
Бүгінгі күні Тәжікстанда 31 желтоқсанда Жаңа жылды атап өтуге тыйым салынбаған, дегенмен көпшілігі 21 наурызда күн мен түннің теңелетін күні Наурыз мерекесін тойлау қажет деген пікірді ұстанады.