18:12, 22 Ақпан 2016 | GMT +5
Тәжікстанда тәртіп сақшылары 56 келі есірткімен ұсталды
АСТАНА. ҚазАқпарат - Тәжікстанда елдің ІІМ-нің есірткінің заңсыз айналымымен күрес жөніндегі аймақтық басқармасының төрт қызметкері есірткі саудасымен айналысты деген айыппен ұсталды.

Тәжікстанның тәртіп сақшылары Ауғанстанмен шекарада 56 келі есірткімен ұсталды.
Есірткінің заңсыз айналымымен күрес жөніндегі басқарманың қызметкерлері есірткіні Душанбеге жібермек болған, алайда өз әріптестері тұтқындады, деп хабарлады Би-би-си агенттігі Тәжікстан ІІМ-дегі дереккөзіне сілтеме жасай отырып.
Ұсталғандарға қатысты қылмыстық іс қозғалды.
Ресми мәліметтер бойынша, өткен жылы елде есірткі саудасымен айналысқанқұқық қорғау ведомстволарының 10 қызметкері қамауға алынған, олардың арасында елдің қорғаныс министрлігі және ішкі істер министрлігінің қызметкерлері болған.
Соңғы 22 жылда Тәжікстанның құқық қорғау органдары 130 тоннадан астам есірткі тәркілеген, соның ішінде 34 тоннасы - героин.