Тәжірибе мен психологиялық дайындық - Олимпиадада жақсы нәтижеге қол жеткізудің кепілі - күміс жүлдегер Н. Алтыбай

Бұл туралы «ҚазАқпарат» тілшісіне Алматыда информатикадан өткен XXVII халықаралық Олимпиаданың күміс жүлдегері Назарбек Алтыбай мәлімдеді.
«Мысалы, әлемде информатикадан өте білімді жастар бар. Біз оларды интернет арқылы біліп отырамыз. Бірақ солардың кейбірі олимпиадаларда өздерін көрете алмайды. Өйткені қатты қобалжиды, сөйтіп білгендерін ұмытып қалады. Сондықтан мұндай халықаралық дәрежедегі намыс додаларында психологиялық тұрғыдапн дайын болу қажет. Мысалы, осы жарыста төртінші орын алған қытайлық Юхао Ду өте білімді жігіт. Бізде интернетте де олимпиадалар болып тұрады ғой. Сонда ол бір сайтта студенттер арасында бүкіл әлемдік рейтинг бойынша төртінші орынға шыққан. Соның осы сайыста бірінші емес, төртінші орын алып қалғаны мені қатты таң қалдырды. Қобалжыған шығар. Ал өзіме тәжірибе жетіспеді», - деді Н. Алтыбай.
Сондай-ақ, ол енді алдағы халықаралық жарыстарға тыңғылықты дайындалатындығын жеткізді.
«Менің жасым он алтыда. Ақтөбе қаласындағы Қазақ-түрік лицейінің оныншы сыныбында оқимын. Енді бұйыртса, алдағы жылы Ресейдің Қазан қаласында өтетін Олимпиадада алтын медаль алуға күш саламын. Бұған осы бастан барынша дайындаламын», - деді Н. Алтыбай.