Тәжікстанда алғаш рет экологиялық кодекс қабылданды
АСТАНА. KAZINFORM — Тәжікстан президенті республиканың тұңғыш экологиялық кодексіне қол қойды, деп хабарлайды Kazinform Душанбедегі меншікті тілшісі.
Бұрын қолданыста болған экология саласындағы 17 заң осы құжатқа біріктірілді.
Кодексте қоршаған ортаны қорғау және ресурстарды басқару ережелері айқындалды, «ластаған төлейді» қағидаты бекітілді және қалдықтарды басқару, қоршаған ортаны цифрлық бақылау, климаттың өзгеруіне бейімделу және азаматтардың экологиялық ақпаратқа қол жеткізуі бойынша жаңа талаптар енгізілді.
Қабылданған ережелерге сәйкес, арнайы рұқсаты жоқ, қоршаған ортаны ластайтын кәсіпорындарға бес есе көп айыппұл салынады. Мұндай шығарындылар мен қалдықтар нормадан тыс болып саналады.
Сонымен қатар, төлем ластаушы кәсіпорындарды жауапкершіліктен босатпайды, олар ластау салдарын жоюға және қоршаған ортаға келтірілген залалды өтеуге міндеттеледі.
Құжатта қалдықтарды жою ережелері қатайтылған. Пластмассаларды, ПЭТ қаптамаларын, батареяларды, сынапты шамдарды, шыныны, металл сынықтарын, пайдаланылған шиналарды, ескі көліктерді және құрылыс қалдықтарын қоқыс полигонына тастауға тыйым салынады. Медициналық, биологиялық және электронды қалдықтар үшін бөлек ережелер белгіленді. Жергілікті билік органдары қағаз, тоқыма бұйымдары, тамақ қалдықтары және металл секілді қайта өңделетін қалдықтардың бөлек жиналуын қамтамасыз етуі тиіс.
Кодексте «цифрлық экология» ұғымы енгізіліп, бірыңғай мемлекеттік экологиялық мониторинг жүйесін және ақпараттық ресурстарды құру көзделген. Жыл сайын ұлттық экологиялық есеп жарияланып отырады.
Бұған дейін Тәжікстан билігі ел астанасындағы кәсіпорындарды жаппай күн энергиясына көшіруді бастағанын хабарлаған едік.