Ұлттық құрылтай Ұлттық құрылтай

Тазы тағдырын не күтіп тұр

АСТАНА. KAZINFORM – Қазақы тазының халықаралық деңгейде мойындалуы ұлттық тұқымды сақтап қалу жолындағы маңызды кезең болды. Дегенмен, BIZDIÑ ORTA подкастында қонақ болған Қазақстан Кинологтар одағының президенті Бауыржан Серікқалидың айтуынша, алда атқарылар жұмыс әлі көп: тазының тұрақты дамуға қабілеттілігін, функционалдық қасиеттерін және әлемдік кинология қауымдастығы үшін құндылығын дәлелдеу қажет.

тазы
Фото: «Dara» президенттік бастамалар қоры

Қазақы тазаны сақтау және кеңінен насихаттау бағытындағы жүйелі жұмыс 2022 жылы басталды. Дәл сол кезде Мемлекет басшысы бұл мәселеге жоғары мәртебе беріп, мемлекеттік маңызы бар міндет ретінде айқындады. Оған дейін энтуазистердің бастамалары бір-бірінен бөлек жүзеге асырылып келді. Ал бірыңғай бағдарламаның болмауы байырғы тұқымның басқа тұқымдармен будандасып, тазалығының жоғалу қаупін күшейтті. Содан бері бұл бағыттағы жұмыс ауқымды сипат алып, нақты стратегия қалыптасты: заңнамалық өзгерістер енгізіліп, тұқым стандарты бекітілді, ғылыми база жасақталды және халықаралық деңгейде мойындалды.

— Қоғам бірыңғай ережемен жұмыс істей бастады. Тапсырмадан кейін бұл жұмыс жалпы мемлекеттік, бүкілхалықтық деңгейге көтерілді. Оның үстіне, алғаш рет қазақы тазы мен қазақы төбет ұғымдарын заң жүзінде бекіткен арнайы заң жобасы қабылданғаннан соң жұмыс айтарлықтай жанданды. Бұл процеске мемлекеттік органдар да белсенді араласты, — деді Қазақстан кинологтары одағының президенті.

2023 жылы қазақы ит тұқымдарын сақтау мен көбейтудің құқықтық негіздерін бекіткен заң қабылданды. Заң қазақы ит тұқымдары және қазақы тұқымға жататын асыл тұқымды ит ұғымдарын айқындап, оларды сақтау мен көбейтудің мемлекеттік тетіктерін қарастырды.

Бүгінде тазы қазақы ит тұқымы ретінде танылып, Қазақстан оның шыққан елі ретінде бекітілді. Осылайша, еліміз енді бұл тұқымның сақталуына жауапты.

— Бізге енді тұқымнан айырылып қалу төніп тұрған жоқ. Мұндай қауіп болған еді. Өйткені басқа елдердің ұлттық кинологиялық ұйымдары тазаны өздерінің тұқымы ретінде тіркеп алуы мүмкін болатын. Ондай жағдайда 10–20 жылдан кейін тұқымның қандай болатынын біз емес, басқа біреулер шешер еді. Сондықтан бұл ең маңызды әрі негізгі қадам, — деді Бауыржан Серікқали.

Халықаралық деңгейде мойындалу жұмыстың аяқталғанын білдірмейді. Халықаралық кинологиялық федерация (FCI) ережелеріне сәйкес, алдағы 10 жыл ішінде Қазақстан тазының халықаралық кинология жүйесінде лайықты орын алуға қабілетті екенін дәлелдеуі тиіс.

— Біз бұл тұқымның дені сау екенін, функционалдық тұрғыдан дұрыс дамып келе жатқанын, ең бастысы, халықаралық деңгейдегі кинология қауымдастығы үшін құндылығы бар екенін дәлелдеуіміз керек. Демек, тазы әлемде танымал болуы тиіс және халықаралық кинология қауымдастығы оған қызығушылық танытуы қажет, — деп түсіндірді Қазақстан кинологтары одағының президенті.

Алға қойылған міндеттерді орындау үшін Қазақстан тұтас жүйелі жұмыс істеп жатыр. Бұл жүйе асыл тұқымды ит өсіруді және тұқым тазалығын бақылауды, ғылыми әрі ветеринариялық зерттеулерді, генетикалық бағдарламаларды, сондай-ақ қазақы тазыны халықаралық көрмелерде, форумдар мен чемпионаттарда танытуды қамтиды. Демек, әңгіме тек бірегей аңшылық итті сақтап қалу туралы емес, ғылым, селекция және мәдени дипломатия тоғысатын кешенді инфрақұрылым қалыптастыру туралы болып отыр. Бұл тазының ел ішіндегі мәртебесін нығайтып қана қоймай, оны Қазақстанның ұлттық мұрасының бір бөлігі ретінде әлемге таныстыруға мүмкіндік береді.

— Біз тарихымыздың символын бекітіп, бұл тұқымды халықаралық тізілімдерге енгіздік. Халықаралық стандарттың өзінде оның халқымыздың тұрмыс-тіршілігімен, көшпелі өмір салтымен тарихи байланысы көрсетілуіне арнайы күш салдық. Тіпті стандарттың өзінде тазының «Жеті қазына» ұғымына кіретіні нақты көрсетілді, — деді сарапшы.

Оның айтуынша, осы ерекшелік қазақы тазының халықаралық стандартын өзгелерден даралап, бірегей етеді. Осылайша, тазаның алдын ала халықаралық мойындалуы соңғы нүкте емес, жаңа кезеңнің бастауы болды. Енді Қазақстан тұқымды ел ішінде сақтап қана қоймай, әлемдік кинология қауымдастығына тазының тұрақты дамуға қабілетті екенін, өзінің тарихи қасиеттерін сақтай алатынын және халықаралық деңгейде мойындалған ит тұқымдарының қатарынан лайықты орын алуға әлеуеті бар екенін дәлелдеуі тиіс.

Осыған дейін шетелдік сарапшыларды қазақы тазының қай қасиеті қызықтыратыны туралы жаздық.