Тазыны ұлттық бренд ретінде таныту жұмысы қалай жүріп жатыр

2023 жылы Қазақстан кинологтар одағы халықаралық кинологиялық федерация құрамына кірді, енді «қазақы тазы» тұқымын қазақстандық бренд ретінде таныту бойынша жұмыс күтіп тұр. Бұл туралы «Қазақстан кинологтар одағы» республикалық қоғамдық бірлестігінің басшысы Бауыржан Серікқали Jibek joly телеарнасына берген эксклюзивті сұхбатында айтты, деп хабарлайды Kazinform.

тазы
Фото: Виктор Федюнин/Kazinform

«Биылғы жыл біздің одақ үшін де, еліміз үшін де табысты болды. Биыл Қазақстан кинологтар одағына 30 жыл толды. Халықаралық кинологиялық федерацияға мүшеліктің үш деңгейі бар. Бірінші деңгей — серіктестік келісімшарты. Екінші деңгей — қауымдастырылған мүше. Үшінші деңгей — толыққанды мүше. Алғашқы екі деңгейге бес жыл беріледі. Демек, 10 жылдан кейін біз Қазақстанды толыққанды мүше деп тануға өтінім беруге құқылымыз. Мен одақты 2023 жылдың ақпанынан бастап басқарып келемін және неге алдыңғы онжылдықта өтінім берілмегенін айта алмаймын, бірақ бұл маңызды емес», — дейді Бауыржан Серікқали.

Айтуынша, бұл жұмыс сәуір айында басталған.

Шансы на признание тазы национальным брендом оценил эксперт
Фото: видеодан алынған кадр

Ұйым Халықаралық кинология федерациясына «қазақы тазы» брендін тұқымдардың номенклатуралық тізбесіне енгізу туралы өтінішпен жүгінген. 

«Енді барлығы біздің „қазақ тазысын“ тұқымдар тізімінен көреді. Осы жетістікпен біз қазір сәтті деп атауға болатын жол басталды. Мамыр айында біз Қазақстанды толыққанды мүше деп тануға өтініш бердік, ал тамыз айында Женевадағы Бас ассамблеяда 77 елдің 74-і Қазақстанға дауыс берді. Сол күні Бас ассамблеяның шешімімен Қазақстан халықаралық кинологиялық федерацияның толыққанды мүшесі болып танылды. Жетістік біз үшін өте маңызды, өйткені тек толыққанды мүше ғана өзінің ұлттық тұқымын танытуға және тұқымның толық иесі болуға ұмтылады. Қазір біз құжаттарды жинау, тұқымды таныту шараларын дайындау бойынша белсенді жұмыс жүргізіп жатырмыз», — деп атап өтті спикер.

Маман атап өткендей, бүкіл әлем мұндай тұқымның бар екенін және оның Қазақстаннан шыққанын білуі керек.

Бауыржан Сериккали
Фото: видеодан алынған скрин

«Сондықтан, Бас ассамблеядан кейін Женевада барлық тұқымдардың дүниежүзілік көрмесі өтті. Біз Швейцария кинология федерациясымен „қазақ тазы“ тұқымын қатысушылар тізіміне қосу үшін уағдаластыққа қол жеткіздік. Біздің екі итіміз сәтті қатысып, ең жоғары орындарға ие болды. Қазір бізді халықаралық кинологиялық федерация өзінің ұлттық тұқымын таныту үшін кандидаттарға қоятын белгілі бір талаптарды орындау үшін көп жұмыс күтіп тұр. Осы тұқымның денсаулығы, генетикалық аурулар, иттің темпераменті туралы сипаттаманы көрсету керек. Сондай-ақ тұқымның шығу тарихы, медициналық зерттеулер қажет. Жоспар бойынша бұл құжаттар пакеті келесі жылдың наурыз айының соңына дейін қалыптастырылуы керек», — деді ол.

Б. Серікқали біздің тұқымды тану мүмкіндігі жөнінде болжамын айтты.

«Менің ойымша, мүмкіндіктер жоғары, біз барлық талаптарды орындаймыз деп ойлаймын. Өйткені бөлек бір тұқым бар, иттердің де жеткілікті саны бар. Қазір біздің алдымызда осы иттердің тиісті дерекқорларын дұрыс қалыптастыру, есепке алу, әзірлеу және комиссияға бұл тұқымның маңызды рөл атқаратынын және үлкен тарихи мұраға ие екенін және бұл біздің ұлттық қазынамыз екенін көрсету міндеті тұр», — дейді кинолог.

Ол 2024 жылдың мамыр айында Астанада иттердің барлық тұқымдарының халықаралық көрмесі өтетінін, оның аясында тазы үшін арнайы монотұқымды көрме ұйымдастырылатынын еске салды.

«Бұл көрмеде Халықаралық кинологиялық федерация стандарттары жөніндегі комиссия мен ғылыми комиссия өкілдерінен тұратын халықаралық комиссия жұмыс істейді. Олар біздің иттерді тексереді, тиісті зерттеулер жүргізеді, барлығы өздерінің қорытындылары мен ұсыныстарын жазады, соның негізінде Халықаралық кинологиялық федерацияның Бас комитеті тұқымды тану туралы тиісті шешім қабылдайды. Осыдан кейін екі ай ішінде біз оң шешім аламыз деп ойлаймын», — деп қорытындылады Б.Серікқали.