Тбилиси мен Түменде кісі өлтіргені үшін іздеуде жүрген Қазақстан азаматтары ұсталды - ІІМ

АСТАНА. 15 тамыз. ҚазАқпарат - Өткен аптада Ресейдің Түмен қаласында өз жұбайын өлтірді деген күдікпен халықаралық іздеуде жүрген Ақмола облысының тұрғыны ұсталды.

Тбилиси мен Түменде кісі өлтіргені үшін іздеуде жүрген Қазақстан азаматтары ұсталды  - ІІМ

Бұл туралы бүгін Ішкі істер министрлігінде өткен брифинг барысында ведомствоның баспасөз хатшысы Нұрділдә Ораз мәлім етті.

Тергеу мәліметтеріне қарағанда, 42 жастағы Қазақстан азаматы 1997 жылдың тамызында Ақмола облысының Жаңадала ауылындағы өз үйінде кісі өліміне қатысты қылмысқа барған. Содан бері іздеуде жүрген айыпталушы ақыры Ресейдің Түмен қаласынан ұсталды. Қазіргі таңда  күдіктіні Қазақстанға қайтару жөніндегі мәселелер шешіліп жатыр.

Бұдан бөлек, баспасөз хатшысының айтуынша, Тбилиси қаласында қазақстандық полицейлердің қатысуымен 23 жастағы Қазақстан азаматы құрықталды. Күдікті 2010 жылы Ақтау қаласының көшелерінің бірінде 22 жастағы жергілікті тұрғынды өлтірді деп айыпталып отыр. Ол да Қазақстанға қайтарылатын болады.