Тбилиси мэрі сот шешімімен қызметінен уақытша шеттетілді
АСТАНА. 23 желтоқсан. ҚазАқпарат - Грузия астанасының қалалық соты Тбилиси мэрі Гиги Угулаваның өкілеттігін тоқтатты. Прокуратура мэр Угулаваны Тбилисидің даму қорындағы 48 миллион лари көлеміндегі ақшаны заңсыз иемденіп, ысырап қылды деп айыптап отыр.
Тергеу нұсқасы бойынша, бұл қаржы қаланың қажеттіліктеріне емес, Михаил Саакашвили жетекшілік еткен «Біртұтас ұлттық қозғалыс» бұрынғы билік партиясының 2012 жылғы парламенттік алдын ала сайлау кампаниясын қаржыландыруға жұмсалған. Угулаваның айыбы дәлелденсе, ол ұзақ мерзімге түрмеге тоғытылуы мүмкін.
Тбилиси мэрін аталған қылмыстық іс бойынша бірнеше рет тергеуге шақырған. Атап өту керек, аталған қылмыстық іс бойынша Тбилисия қалалық мэрияның біраз бұрынғы және қазіргі шенеуніктері қамауға алынды, деп хабарлайды «Голос Росии» радиосы.