Тбилисиде «Транскаспий халықаралық көлік бағдарының» кезекті жалпы жиналысы өтті

Тбилисиде «Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ басшысы Нұрлан Сауранбаевтың төрағалығымен «Транскаспий халықаралық көлік бағдары» Халықаралық қауымдастығының (Орта дәліз, ТХКБ) отырысы өтті.

Тбилисиде «Транскаспий халықаралық көлік бағдарының» кезекті жалпы жиналысы өтті

Отырысқа Қазақстан, Грузия, Түркия және Әзербайжан теміржол әкімшіліктерінің, кеме қатынасы компаниялары мен порттарының басшылары қатысты. Грузияның вице-премьер-министрі, экономика және тұрақты даму министрі Леван Давиташвили құттықтау сөз сөйледі.

Отырысқа қатысушылар қауымдастықтың жұмысы туралы есепті тыңдап, маршруттағы тасымалдардың жалпы оң қарқынын және Еуропа, Орталық Азия мен Қытай арасындағы транзиттік ағындарды қамтамасыз етудегі артып келе жатқан рөлін атап көрсетті.


Қауымдастық мүшелерінің жалпы күш-жігері арқасында 2022 жылдың 9 айында ТХКБ бағыты бойынша жүктерді тасымалдау көлемі өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 2,7 есеге артып, 1 млн 84 мың тоннаны құрағаны атап өтілді.

Өсімнің үлкен үлесі экспортқа келеді. Бағдар бойынша Қазақстаннан экспорттық тасымалдау көлемі 7,9 есеге артып отыр.

Қатысушылармен орта дәліз бойынша контейнерлік тасымалдар көлемінің одан әрі өсімін қамтамасыз ету және маршрутта қолайлы жағдайлар жасау үшін бірқатар шаралар әзірленді.

Айта кетейік, Транскаспий халықаралық көлік бағдары (ТХКБ) Қазақстан, Қытай, Каспий теңізінің акваториясы, Әзербайжан, Грузия, Түркия және Қара теңіз арқылы әрі қарай Еуропа елдеріне өтеді. «ТХКБ» қауымдастығының мүшелері – 20 компания, оның ішінде 8 елдің теміржол әкімшілігін қосқанда порттар, кеме қатынасы және логистикалық компаниялар бар.