Тбилисидегі алапат су тасқынының ықтимал себебі аталды
АСТАНА. ҚазАқпарат - Грузия астанасы Тбилисидегі бірнеше сағат бойы жауған нөсер жаңбыр салдарынан орын алған алапат су тасқынының себептерінің бірі Вере өзенінің аңғарын лай көшкіннің бітеп қалуы болуы мүмкін. Бұл туралы Грузияның қоршаған ортаны қорғау жөніндегі Ұлттық агенттігінің геология департаментінің бастығы Мераб Гаприндашвили айтты.
Оның айтуынша, лай көшкіні салдарынан жасанды су қоймасы пайда болып, нәтижесінде су тасқыны орын алған, деп жазады ТАСС.
«Өзен аңғарына жиналған су пайда болған дамбыны бұзып кетіп, ағаштарды жұлып әкеткен, лай топырақты да қамтып, салдарынан қасіретті жағдай орын алды», - деді Гаприндашвили.
Осыған дейін хабарлағанымыздай , бірнеше сағат толастамаған нөсер жауын Грузия астанасы Тбилиси қаласының бірнеше аудандарын су басуға әкеп соқты. Аулаларды, бірінші қабаттарды, жерасты өткелдерін, жүздеген үйлердің жер төлелерін су басты. Су басқан хайуанаттар бағынан алты арыстан, алты жолбарыс, жеті аю, 13 қасқыр қашып кеткен.
Қазіргі сәтте 12 адамның ажал құшқаны мәлім, ондаған отбасылар үйсіз-күйсіз қалды. 15 маусым осы елдегі су тасқынынан қаза тапқандарды еске алуға орай қаралы күн деп жариялады.
Тбилиси мэриі мен ІІМ құтқару қызметінің қызметкерлері, сонымен қатар Грузияның ӘК бөлімшелерінің әскери қызметкерлері апат аймағынан 100-ден астам адамды құтқарды, олардың 15-і ауруханаға жатқызылды.