«Театр көктемі» фестивалі өтеді
АЛМАТЫ. Наурыздың 19-ы. ҚазАқпарат /Ерлік Ержанұлы/ - Алматыда наурыздың 23-27 күндері Қазақтың Мұхтар Әуезов атындағы академиялық драма театрында дәстүрлі «Театр көктемі-2010» фестивалі өтеді,
деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Наурыз мерекесі мен Халықаралық театр күніне орай дәстүрлі түрде жыл сайын ұйымдастырылатын бұл шара биыл 11-ші рет өтпек. Биыл ол Қазақстанның және КСРО-ның халық әртісі, Мемлекеттік сыйлықтың иегері Сәбира Майқанованың рухына арналып отыр. Фестивальде Ү.Ғаджыбековтің «Аршын-Малалан» мюзиклі, Т. Жүженоғлының «Көшкін» әфсанасы, М. Байджиевтің «Қылмыс» драмасы, Т. Нұрмағамбетовтің «Қожанасыр тірі екен» комедиясы және Д. Исабековтің «Мұрагерлер» драмасы қойылмақ. Олардың соңғысы осы шара кезінде тұңғыш рет көрермен назарына ұсынылғалы отыр.
Сәбира Майқанова 1914 жылы қаңтардың 1-інде Қызылорда облысы, Сырдария ауданында дүниеге келген. 1932 жылы Қазақ драма театрына қабылданған әйгілі сахна шебері 1936 және 1958 жылдары Мәскеуде өткен қазақ әдебиеті мен өнерінің онкүндігіне және 1973 жылы Иранның Шираз қаласындағы 2-ші халықаралық театр фестиваліне қатысқан. 1995 жылы өмірден озған әйгілі сахна саңлағының туғанына биыл 96 жыл болды. Ал ЮНЕСКО жанындағы Халықаралық театр институтының Венада өткен ХІ-ші конгресінде наурыздың 27-сі деп бекітілген Халықаралық театр күні 1962 жылдан бері атап өтіліп келеді.