Театрды сезініп, жүрекпен ұғу керек - Әшірбек Сығай
АЛМАТЫ. 28 наурыз. ҚазАқпарат /Ерлік Ержанұлы/ - «Театр көктемі» тек әртістік жұмыстарға арналған фестиваль. Бұл туралы бүгін Алматыда Халықаралық театр күніне орайластырылған КСРО халық әртісі, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Ыдырыс Ноғайбаевқа арналған «Театр көктемі - 2011» фестивалінің жабылу салтанатында айтылды.
«Театрды сезініп, жүрекпен ұғыну керек. Оған жастардың көп келгені керемет нәрсе. Бізде көрермен мәдениеті не балабақшада, не мектепте оқытылмайды. Оқу орнына келгенде абитуриенттер театр туралы бейхабар боп келеді. Кімнің кім екенін білмейді. Трагедиялық қойылымда біреулер күліп, ысқырып, айқайлап жатса оған ешкім қой деп айтпайды. Оған залдағы театр қызметкерлері ғана ескерту айтып жатады», - дейді театр сыншысы Әшірбек Сығай. Т. Жүргенов атындағы өнер академиясы профессорының айтуынша, жас актерлар классикаға барғанда үлкен дайындықпен келуі керек. Көрермен театрға әртістердің іс-қимыл, әрекетін көру үшін келеді. Бізде әртістердің көп жағдайда қойылым барысындағы сөзінде әрекеті, ал әрекетке көңіл бөлгенде сөздері солғындайды. Көп рөлде ойнаса да, ешбір образы жұрт жадында қалмаған әртістер бар.
«1995 жылдан бері өтіп келе жатқан «Театр көктемі» фестивалінің қазылар алқасы соңғы жылдары бір-ақ құрамда болсын дедік. Бұл әртістің жұмысын көріп ол өсті ме, бір орнында тұр ма, құлдырады ма деген сауалдарға баға беруге ыңғайлы. Қазылар алқасының төрағасы Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, ҚР еңбек сіңірген қайраткер, театр сыншысы, профессор Әшірбек Сығай. Мүшелері филология ғылымының докторы, профессор Бақыт Нұрпейіс пен көркемдік кеңес мүшесі, «Алаш» сыйлығының лауреаты, жазушы, театр зерттеуші Әлия Бөпежанова», - дейді Қазақтың мемлекеттік Мұхтар Әуезов атындағы академиялық драма театрының директоры және көркемдік жетекшісі Есмұқан Обаев.