Тегеранда сәуірдің 17- 18-і күндері ядролық қарусыздану мәселесіне арналған халықаралық конференция өтеді

АСТАНА. Сәуірдің 13-і. ҚазАқпарат /Айдар Оспаналиев/ - Иран Ислам Республикасының астанасы Тегеранда сәуірдің 17- 18-і күндері ядролық қарусыздану мәселесіне арналған халықаралық конференция өтеді. Бұл туралы бүгін журналистермен болған баспасөз мәслихатында Иранның Қазақстандағы елшісі Құрбан Сейфі мәлім етті,

 Тегеранда сәуірдің 17- 18-і күндері ядролық қарусыздану мәселесіне арналған халықаралық конференция өтеді

деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Елшінің сөзіне қарағанда, конференция «Атом энергиясы бәріне - ядролық қару ешкімге емес» деген ұранмен ұйымдастырылмақ. Шара негізгі 3 сессиядан тұрады. Олардың біріншісі ядролық қарусыздану проблемалары деп аталады. Екіншісі мемлекеттердің ядролық қарудан бас тартуы мен оны таратуға тыйым салу бағытындағы халықаралық міндеттемелеріне қатысты. Үшінші сессия ядролық қарусыздану бағытындағы нақты шешімдер жөнінде болады. «Халықаралық жиын барысында жаппай қырып- жою қаруларын пайдаланудың салдарынан мерт болғандарға арналған арнайы көрме ашылады. Жиынға әлемнің 60 елінің өкілдері қатысады деп күтілуде. Аталмыш елдердің кейбірінің Сыртқы істер министрлері келеді. Сонымен қатар оған сарапшылар мен ғалымдар да қатысады», деді Елші.