Тегін берілетін дәріні сатып жүргендер бар - Арнұр Нұртаев
Еске сала кетсек, 23 ақпан күні ҚР Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов тегін дәрі-дәрмек алды деп көрсетілген кей науқастардың шын мәнінде ешқандай дәрі алмағанын айтып, емхана басшыларына бюджет қаражатын тиімсіз пайдаланбауды тапсырған еді.
"Басты себептердің бірі - науқастың дәріні алуға келмеуі. Әрине, одан да басқа себептері бар, қазір барлық мән-жай анықталып жатыр. Әрине, айыптыларға өте қатаң шаралар қолданылады, тіпті кей мекемелерді есеп комитеті тексеруі де мүмкін", - деді Арнұр Нұртаев Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында.
Нұртаевтың айтуынша, қазіргі уақытта барлық дәрімен қамтамасыз ету жұмысына сараптама жүргізіліп жатыр. Дәріні науқастың атына жазып, бірақ ешқандай препарат бермеу бойынша жүзге жуық оқиға анықталған.
"2017 жылы екі миллионға жуық рецепт берілген. Екі миллион рецептіні толық көлемде алғанын тексеру үшін көп уақыт қажет. Мұнда республика азаматтарының да тексеру жұмыстарына қатысып, әлеуметтік жауапкершілік танытуы үшін министр Елжан Амантайұлы науқастарға берілген барлық рецепт бойынша сараптама жүргізуді тапсырды. Әзірге жүзге жуық дәріні бермей қалу оқиғасы расталды", - деп өз сөзін толықтырды ол.
Сондай-ақ, сараптама аясында тегін берілетін дәрілердің сатылымға шығарылғаны анықталды.
"Кепілдендірілген тегін көлем аясында сатып алынған, тегін берілетін дәрілердің де дәріханаға сатылымға қойылғаны анықталды. Яғни, бір науқас өзіне тиесілі дәріні алған жоқ, екінші адам тегін дәріні сатып, пайда көріп отыр. Бұл мәселе бойынша барлық ақпаратты тексереміз және толық сараптама жүргізілген соң, нәтижесін БАҚ өкілдеріне міндетті түрде жариялаймыз", - деп сөзін түйіндеді Арнұр Нұртаев.