«Тегін білім алуға қатысты теңдік сақталмай отыр» - республикалық басылымдарға шолу
АСТАНА. 25 ақпан. ҚазАқпарат - Қазақ ақпарат агенттігі республикалық басылымдарда 25 ақпан, жұма күні шыққан өзекті материалдарға шолуды ұсынады.
***
«Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың Қытайға мемлекеттік сапары Қазақстан экономикасын нәрлендірудің үлкен факторына айналғалы отыр», - деп жазады «Егемен Қазақстан» газеті бүгінгі санындағы «Аспанасты елінің мол мүмкіндігі» атты мақаласында. Басылымның жазуынша, сапардың нәтижелері туралы пікір білдірген Елбасы Қытайдың жоғары басшылығымен өткен келіссөздер және сапар қорытындысы өте жемісті болғандығын атап өтті. «Қытай Халық Республикасы Қазақстан Республикасын сенімді көрші, стратегиялық әріптес ретінде көреді. Бұл - біз үшін өте маңызды. Өз экономикасының дамуы үшін Қазақстан ұлан-байтақ рынокқа ие болуы керек. Мұндай рынок ҚХР-да бар. Яғни, 20 млрд. долларды құраған тауар айналымы қарым-қатынастың шегі емес және ол жедел өсу бейімділігін көрсетіп беріп отыр», - деп атап көрсеткен Н.Назарбаев.
«Егемен Қазақстан» газетінің жұма күнгі нөмірінде Қазақстанның Еңбек Ері Еркеғали Рахмадиевтің «Арзандамайықшы ағайын» деген тақырыппен көлемді мақаласы жарияланды. Алдағы Президенттік сайлау жайы арқау болған мақалада үміткерлердің өзін өзі ұсынуына қарсылық білдіріліп, Елбасының ел тәуелсіздігінің 20 жылында атқарған еңбектеріне шолу жасалады. «Тақты тәлкек етуге болмайды. Елдегі ең басты, ең лауазымды қызметтің қадірін түсіруге жол бермеуіміз керек. Хадисте «Патша - Құдайдың жердегі көлеңкесі» деген сөз бар. Ел басшысының біздің өміріміздегі орнына сондайлық құрметпен қарағанымыз жөн. Ол үшін осы қызметке сайланудан үміт етудің өзіне талапшылдық танытқанымыз абзал. Сонда ғана ел ертеңіне жауапты ұрпақ екенімізді көрсетеміз. Өз басым халқымыздың 3 сәуір күні елдік қалауын жасайтынына сенемін. Президент сайлауы бәріміз үшін ортақ сынақ - парасат сынағы екенін ұмытпайық», - деп жазады композитор.
***
«Орталық сайлау комиссиясының шешімімен ҚР Президентінің кезектен тыс сайлауына кандидат ретінде тіркелген 22 үміткердің 11-і мемлекеттік тілді еркін меңгергендігіне және Конституция мен «ҚР Сайлау туралы» конституциялық заңның талаптарына сай болуына байланысты Мемлекет басшысының лауазымынан дәмелілердің қатарында қалды», - деп жазады «Айқын» газеті. Басылымның атап өтуінше, қоғам үшін аса маңызды саналатын саяси оқиғаның көрігін қыздырып жатқандардың арасында Елбасы Н.Назарбаев - «Нұр Отан» ХДП-ның, Ж.Ахметбеков - ҚХКП-ның, сенатор Ғ.Қасымов - Қазақстан Патриоттар партиясының, ал Қ.Рахметов - «Желтоқсан» Республикалық халықтық-патриоттық қозғалысы» қоғамдық бірлестігінің атынан бақ сынап жатыр. Қалған 18 кандидат өзін-өзі ұсынғандар. Өтініш бергендердің 18-і - ер, 4-еуі - әйел адам. Бұлардың 21-і жоғары білім, біреуі орта арнаулы білім иесі. Сайлау барысы жайында білгіңіз келсе, «Президенттікке үміткерлер арасында саяси сауаты төмендер де болды» деген мақалаға көз жүгіртіңіз.
«20 жыл дегеніміз - тәуелсіз Қазақстан мен қазақ дипломатиясының тарихы». «Айқын» газетінің дәстүрлі «Ақ сөйле!» айдарында Президент жанындағы Мемлекеттік басқару академиясы Дипломатия институтының директоры Төлеутай Сүлейменовпен арадағы сұхбат осындай тақырыппен берілген. Басылымның барлық сауалдарынан тұщымды жауап беріп, еліміздің дипломатия тарихын да шолып өткен ол: «Бар мақсатымыз - елдің дамуына, өркендеуіне жағдай жасау ғой. Ең алдымен, елге инвесторларды тарту үшін жағдай жасау керекпіз. Шет мемлекеттеріне барып, «Ассалаумағалейкум» деп амандасып, өзімізді таныстырып, елімізді насихаттай білуіміз керек. Саяси, экономикалық тұрғыдан байланыстарымызды ұлғайтуға ниетімізді білдіре білуіміз керек. Қазақстан тәуелсіздік алған 20 жылда елімізге 120 млрд доллар инвестиция құйылды», - дейді.
***
«Алаш айнасы» газетінің жазуынша, прокурорлар былтыр 690 мыңнан астам азаматтың конституциялық құқықтарын қорғаған. Азаматтардың құқығы мен бостандықтарын қорғауды жүйелі түрде қадағалайтын орган жақында тегін жоғары білім алуға артықшылықтары бар балаларға қатысты мемлекеттік білім гранттарын берудің заңдылығына тексеру жүргізіп, біршама жайсыздықты анықтаған. Сондай-ақ кәсіподақтармен бірлесіп еңбек құқығын қорғауға бағытталған шараларды да қолға алған. Елдегі еңбек нарығындағы жағдайды саралаған прокурорлар республика бойынша жалақы мәселесіндегі жұртқа берешектің тең жартысы «Қуат» корпорациясы» АҚ компаниясына тиесілі екенін анықтаған. Кәсіпорынның жұмысшылар алдындағы қарызы 1,7 млрд. теңгені құрап отыр. Аталған мәселелер төңірегінде егжей-тегжейлі білгіңіз келсе, басылымдағы «Тегін білім алуға қатысты теңдік сақталмай отыр» деген мақалаға назар аударыңыз.
Осы басылымда Африка мемлекеттерінде болып жатқан саяси оқиғаларға шолу жасалған «Төңкерістер тізбегіне тап болған Жамахирияның жағдайы қалай болмақ?» деген мақала жарияланды. «Көршілес Судан, Тунис, Алжир, Мысырда болған оқиғалар Ливияға да әсер етпей қоймады. Африка елдеріндегі жаппай халықтың толқуы бейне бір тізбектер арқылы жүргізілгендей әсерде қалдырды. Көрінбейтін тізбек жүріп өткен мемлекеттердің алды жаңа сасия жүйе құрудың алғышарттарын жасауға кіріссе, Бахрейн, Йемен сынды мемлекеттерді төңкерістің елесі кезіп жүр. Ал әзірге әлем назарын өзіне Ливия аударып тұр. Жалпы жоғарыда атап өткен тізбек жүріп өткен мемлекеттердегі төңкерістің төркіні бірдей», - деп жазады басылым.
***
«Казахстанская правда» газетінің жазуынша, екі күн бойы Венаның «Хофбург» сарайында, ЕҚЫҰ-ның штаб-пәтерінде ұйымның Парламенттік Ассамблеясының қысқы мәжілісі өтеді. Оған Қазақстан Парламенті Сенатының Төрағасы, ЕҚЫҰ Парламенттік Ассамблеясының Вице-президенті Қасым-Жомарт Тоқаев бастаған еліміздің делегациясы қатысуда. Бірінші күні өткен үш Жалпы комитеттердің бірлескен отырысында Ассамблея Төрағасы Петрос Эфтимиу, Австрияның Федералдық Президенті Хайнц Фишер, ЕҚЫҰ-ның Іс басындағы төрағасы, Литваның Сыртқы істер министрі Аудронюс Ажубалис сөз сөйледі. Сонымен қатар саяси мәселелер мен қауіпсіздік жөніндегі Жалпы комитеттің мәжілісінде қазақстандық делегацияның басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев сөз сөйлеп, жиынға қатысушыларды жаппай қырып-жою қаруын таратпау мәселесін баса назар аудартқан.