«Тегін ЭКО» жобасы арқылы ұзақ жыл бала күткен 5 отбасы сәби сүйді
Бедеулік дертіне шалдыққан отбасылық жұптарға көмек көрсету мақсатында 2022 жылы Ләйлә Сұлтанқызы Instagram әлеуметтік желісінде «Тегін ЭКО» атты бастама көтерген болатын. Бұл бастамаға «Аңсаған сәби» мемлекеттік квотасына белгілі себептерге байланысты іліне алмаған, бірнеше мәрте өз қаражаттарына ЭКО жасауға талпынған, генетикалық дертке байланысты сәбилі бола алмаған отбасыларды таңдап алған еді.
Елімізде ЭКО бағдарламасын жасатудың орташа құны 2 млн теңгені құрайды. Бұндай көлемдегі қаражатты жинауға Ләйлә Сұлтанқызының оқырмандары мен қайырымды жандар көмек көрсеткен. Одан бөлек ең үлкен қолдау көрсеткен жандардың қатарында елімізге ең алғашқылардың бірі болып ЭКО бағдарламаны қалыптастырған эмбриолог-репродуктолог Салтанат Байқошқарова және «Ecomed» ұжымы бар.
Игі бастама нәтижесінде әр өңірден бес жұп ЭКО бағдарламадан өтті. Олардың төртеуінде бірінші реттен жасалған эмбрион тасымалынан кейін жүктілік анықталып, айы-күні жеткен шақта ұл-қыздарын бауырына басты.
Қызылордалық Айнұр есімді бесінші пациент тек үшінші реттен жүкті болып 10 тамыз күні Мирас есімді ұл баланы дүниеге әкелді. Айнұр бізге хат жолдаған болатын:
«Отбасы құрғанымызға 12 жыл болды. Табиғи жолмен 2 рет көтердім. 2012 жылы жүктіліктің 8 аптасында, 2014 жылы екінші жүктілік 7-8 аптасында бала өмір сүруін тоқтатты деп алып тастады. 2016 жылы Шымкентте «Брак и семья» клиникасында өз қаражатыммен ЭКО жасаттым, сәтсіз болды. Квотаға кезекте тұрғаныма 4 жыл болды. Қазір жасым 41-де, 2022 жылдың мамыр айында 42-ге толамын. Жолдасым үйдің жалғыз баласы, ұрпақсыз қала ма деп қорқамын, өзімнің де ана атанғым келеді. Көмектесіздер ме? Өтініп сұраймын. Өйткені екі рет сәтсіз экодан кейін үмітім үзіліп, қатты стресс алдым, жұмысқа шықпай, үйде жатып қалдым. Осы уақытқа шейін 10 миллиондай ақшамыз кетті. Жұмыс істейміз, болницаға қараламыз, анализ тапсырып, емделеміз, сөйтіп арасында жоғарыда айтқандай өміріміз өтті. Отбасымызда сәбидің иісі мен үні естіліп, бақытты шаңыраққа айналсақ екен. Отбасымды сақтауға көмек беріңіздерші. Ұйқысыз түндерім мен жылаған күндерімді ұмытқым келеді».
Осындай шарасыз күйде хат жолдаған Айнұр біраз сынақтан өтіп, бүгінде жолдасы Мейрамбек екеуі ата-ана атанды. Айнұр мен баланың жағдайы қалыпты болғаннан кейін дәрігерлердің рұқсатымен күні кеше 23 тамызда Қызылорда қаласының Ана мен бала орталығынан үйге шыққан болатын.
Осылайша, жай ғана Instagram желісінде бастау алған қайырымдылық акциясы көпшіліктен қолдау тауып, биыл Jibek Joly телеарнасынан Ләйлә Сұлтанқызының авторлық бағдарламасы ретінде «Ана болғым келеді» деген атаумен көрерменге жол тартты. Алғашқы маусымда тағы да қайырымды жандардың көмегімен алты пациент таңдап алынды.
Арада біраз уақыт өткен соң Ләйлә Сұлтанқызы «MARIYAM» деген атаумен қайырымдылық қорын ашып, нәтижесінде тағы бес жұп ЭКО бағдарламадан өтуге мүмкіндік алды.
Бүгінде жалпы саны 11 жұп ЭКО бағдарламадан өтуде. Жыл соңына дейін бұл көрсеткішті 20-ға дейін жеткізу жоспарда бар. Осы уақытқа дейін 12 эмбрион тасымалы жасалды.
Әзірге 3 жүктілік анықталды.
ЭКО бағдарламаны жүргізіп, пациенттерге медициналық-моральдік тұрғыда көмек көрсетіп жатқан білікті репродуктолог-дәрігер Алмаз Құрманәліұлының және әріптестері Ботагөз Серікбайқызын, Ислам Дәуренұлының еңбегі зор.
Осы уақытқа дейін «MARIYAM» қайырымдылық қорының сайтына көмек сұраған жандардан 1000-нан астам хат келіп түсті. Әр хатты біздің дәрігерлер мұқият қарап, хаттың мазмұнын, диагнозын талқылайды. Нәтижесінде диагнозы ауыр, жасы үлкен, бала көтеру мүмкіндігі төмендеу деген қиын жағдайларды таңдайды.

Қордың және дәрігерлердің мақсаты – сөніп бара жатқан үмітті қайта жалғау, мүмкін емес деген нәрсені ең әуелі Құдайдың және медицинаның көмегімен мүмкін ету. Қоғамда жиі кездесетін өзекті проблемалардың бірі бедеуліктің санын азайту жолында аудиторияны сауатты ақпараттандыру, осы диагнозға душар болған жұптарға көмек көрсету – «MARIYAM» қайырымдылық қорының басты миссиясы.