Тегін медициналық көмек тізбесін жаңарту қажет - Елжан Біртанов
АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазақстандықтардың денсаулық сақтау қызметтеріне жұмсалатын шығындары артып келеді. Бұл туралы бүгін Үкімет отырысында ҚР Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«2020 жылдан бастап көзделген тегін медициналық көмек пен міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру тізбелері әлеуметтік ауыртпалықтың жоғары тәуекелдеріне алып келеді. Біріншіден, 2020 жылдан күшіне енетін тегін медициналық көмек пен міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру тізбелерінің редакциясы медициналық көмектің қолжетімділігін төмендетуі мүмкін», - деді ол.
Министрдің айтуынша, сақтандырылмаған азаматтар жоспарлы стационарлық және амулаториялық-емханалық көмектің қолжетімділігінен, сонымен қатар дәрілік заттармен қамтамасыз етуден айырылуы ықтимал.
«Екіншіден, сақтандырылмаған азаматтарға медициналық көмекті бірден шектеуге байланысты тәуекелдерді төмендету мақсатында өтпелі кезең қарастырылған. Алайда, осы кезеңде жұмыс істейтін азаматтар міндетті медициналық сақтандыру жүйесіне салық пен жарналарды төлеуге мәжбүр. Ал сақтандырылмаған азаматтар арнайы төлемсіз медициналық көмекке ие болады»,- деді Елжан Біртанов.
Оның атап өтуінше, үшіншіден, тегін медициналық көмектің көлемін жаңарту қажет.
«Тегін медициналық көмектің осы тізбесі 2009 жылдан бері айтарлықтай қайта қаралған жоқ. Осы уақыттан бастап денсаулық сақтау саласында жаңа технологиялар пайда болды. Ауруларды емдеу және басқару стандарттары өзгерді. Қазақстан халқының саны 2,1 млн адамға ұлғайды. Өмір сүру ұзақтығы 3,5 жылға өсті. Халықтың жыныстық жас құрамы өзгерді»,- деді ол.
Министр төртіншіден, мемлекеттік кепілдіктердің ағымдағы редакциясында 362,5 млрд теңге мөлшерінде тегін медициналық көмектің тапшылығы сақталатындығын ескертті.
«Мүмкін болатын қауіптердің алдын алу үшін тегін медициналық көмек пен міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесінің жаңа моделін кезең-кезеңімен енгізудің негізінде медициналық қамтамасыз етудің үш деңгейлі деңгенін қалыптастыру ұсынылады»,- деді Елжан Біртанов.