Тегін жер алуға ниеттілердің өтінішін қанағаттандыру үшін 90 мың гектар жер телімі қажет - Қ. Отаров

АСТАНА. 28 ақпан. ҚазАқпарат - Елімізде тегін жер алуға ниеттілердің өтінішін қанағаттандыру үшін 90 мың гектар жер телімі қажет. Бұл туралы бүгін Мәжілісте «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне жер қатынастарын реттеу мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасының таныстырылымы барысында Өңірлік даму министрлігі Жер ресурстарын басқару комитетінің төрағасы Қадырхан Отаров мәлім етті.

Тегін жер алуға ниеттілердің өтінішін қанағаттандыру үшін 90 мың гектар жер телімі қажет - Қ. Отаров

«Елімізде жеке тұрғын үй құрылысын салу үшін жер алуға ниеттілер саны жыл сайын 30 пайызға дейін артып отыр. Егер 2008 жылы жер учаскелеріне тұрушылар кезегі 300 мың азаматты құраса, соңғы жылдары олардың саны 3 есеге артты. Ал келіп түскен барлық өтініштерді қанағаттандыру үшін Бас жоспарларда 90 мың гектар немесе 900 шаршы шақырым жер телімі қарастырылуы керек екен. Бұның өзі еліміздің ең ірі қалалары - Қарағанды мен Шымкенттің аумағымен бірдей болып тұр», - дейді комитет төрағасы. Оның сөзіне қарағанда, соңғы екі жылда бекітілген жаңа Бас жоспарларда тек 54 мың гектарға дейін ғана жер телімін жеке тұрғын үй құрылысын салу үшін беру мүмкіндігі қарастырылған. Бұндай жағдайда әрбір қазақстандықты тегін жер учаскесімен қамту еш мүмкін емес. Оның үстіне қолданыстағы заңнамаға сәйкес, жеке тұрғын үй құрылыстарын салу үшін сәйкес инфрақұрылымдар да қарастырылуы шарт.