Тегін берілетін дәріні сатқандар қандай жауапкершілікке тартылды

АСТАНА. KAZINFORM — Үкімет отырысында Ақмарал Әлназарова фармацевтика саласындағы заңбұзушылықтар жөнінде мәлімдеді.

Тегін берілетін дәріні сатқандар қандай жауапкершілікке тартылды
Фото: Алматы әкімдігі

Оның сөзінше, 2024 жылы енгізілген таңбалау жүйесі дәрілік заттардың қозғалысын бақылауға, қорларды басқаруға және бағаларды нақты уақыт режимінде қадағалауға мүмкіндік береді.

— 2026 жылы цифрлық мониторинг барысында 788 субъектінің дәрілік заттарды айналымнан екі рет шығару фактілері, тегін берілетін дәрілердің бөлшек саудада сату фактілері, олардың шекті бағалардан жоғары сату фактілері бойынша заңбұзушылықтар анықталып, өткен жылмен салыстырғанда 10 есеге артқан. Анықталған фактілер бойынша заңнамаға сәйкес әкімшілік хаттамалар толтырылып, айыппұлдар салынды, — деді министр.

Оның айтуынша, қабылданған шаралар нәтижесінде тегін дәрілердің дәріханаларда сату фактілері 20 есеге азайды.

Сонымен қатар, таңбалау жүйесінде ұйымдардағы дәрілердің көлемі мен бағасын цифрлық бақылау енгізілген. Соның нәтижесінде жедел респираторлық инфекциялардың маусымдық өршуіне дайындық аясында вирусқа қарсы дәрілік заттардың 123 млн қаптамасы анықталды. Бұл қажетті дәрілер көлемінің жеткіліктілігін білдіреді.

Бағаны цифрлық бақылау нәтижесінде айналымдағы дәрілердің 50%-ының құны тұрақты екені анықталды. Ал 799 дәрі түрінің бағасы төмендеген.

Ақмарал Әлназарова таңбалау жүйесінің ауқымы кеңейіп келе жатқанын да атап өтті. 2026 жылдың қыркүйегінен бастап биологиялық белсенді қоспаларды таңбалау енгізілсе, 2027 жылдың 1 наурыздан бастап медициналық бұйымдарды таңбалау көзделген.

Министрдің мәлімдеуінше, азаматтар «eGov Mobile» және «Нақты өнім» қосымшаларын пайдалана отырып, дәрілік заттың жүйеде тіркелгенін, оның өндірушісін, сондай-ақ дәрінің қолжетімділігі мен оның бөлшек сауда да шекті бағасы туралы ақпараттар ала алады.

— Сонымен қатар, қандай да бір заң бұзушылықтар анықталған жағдайда, азаматтар аталған қосымшалар арқылы Денсаулық сақтау министрлігіне тікелей шағым жолдауға мүмкіндігі бар, — деді ол.

Айта кетейік, бұған дейін Polpharma Қазақстандағы фармацевтика саласын қалай дамытып жатқанын жазғанбыз.