Тегін медициналық көмек көлемі артады - Мәди Такиев

АСТАНА. KAZINFORM – 2025 жылы денсаулық сақтау саласына 2,4 трлн теңге қарастырылған. Бұл туралы бүгін Мәжілістің жалпы отырысында «2025 – 2027 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы» заң жобасын талқылау кезінде ҚР Қаржы министрі Мәди Такиев айтты.

Мәди Такиев
Фото: Виктор Федюнин/ Kazinform

2025 жылы Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорына 675 млрд теңге бағытталады

Оның айтуынша, халық санының өсуі мен науқастар санының артуын ескере отырып, тегін медициналық көмектің кепілдендірілген көлемі мен міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру аясында халықты медициналық көмекпен қамтуды ұлғайту қарастырылған.

«Денсаулық сақтау жүйесіне 2025-2027 жылдарға арналған шығыстар 7,6 трлн теңгені құрайды. Оның ішінде биылмен салыстырғанда 180 млрд теңгеге ұлғайып, 2025 жылға 2,4 трлн теңге қарастырылған. Жалпы, 2025 жылы тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлеміне 1,6 трлн теңге сомасында шығыстар жоспарланды. Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорына 675 млрд теңге, оның ішінде мемлекеттік жарналарға 668 млрд теңге көзделген», - деді министр.

Бұдан бұрын хабарланғандай, бүгін Мәжілістің жалпы отырысында Премьер-министрдің орынбасары – Ұлттық экономика министрі Нұрлан Байбазаров елміздің 2025 – 2029 жылдарға арналған әлеуметтік-экономикалық даму болжамын таныстырды. 

Соңғы жаңалықтар