16:25, 14 Наурыз 2009 | GMT +5
Тегранда Қазақстан Президентінің Жолдауына арналған баспасөз мәслихаты өтті
АСТАНА. Наурыздың 14-і. ҚазАқпарат - Экономикалық ынтымақтастық ұйымының 10-шы саммитінің қарсаңында Теграндағы Қазақстан Елшілігінде Қазақстан Президенті Н.Назарбаевтың «Дағдарыстан – дамуға» Жолдауына арналған баспасөз мәслихаты өтті.
Жергілікті бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері, сондай-ақ ирандық сарапшылар қатысқан бұл шараны ашқан Қазақстанның Иран Ислам Республикасындағы елшісі Ерік Өтембаев екі елдің арасындағы қарым-қатынастардың жоғары деңгейін атап көрсетті, деп хабарлады ҚазАқпаратқа елшіліктің баспасөз қызметінен. Жиналған қауымды Қазақстан Президентінің халыққа арнаған кезекті Жолдауының негізгі тарауларымен таныстырған дипломат, республикада жүзеге асырылып жатқан әлеуметтік-экономикалық және саяси реформалардың басымдықты бағыттарын атап көрсетті. Атап айтқанда, Елші Елбасының Жолдауында айтылған қаржы дағдарысының салдарын еңсеру жөніндегі нақты шараларға тоқталып өтті. Қазақстан әлемде дағдарысқа алғашқылардың бірі болып үн қатып, дағдарысқа қарсы шаралар бағдарламасы қабылданып, оның жүзеге асырылып жатқанын баяндады.